Psychophysiology журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, небәрі 42 минутқа созылған бір реттік күш жаттығуы ересектердің жадысын жақсарта алады. Бұған Пердью университетінің ғалымдары көз жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экспериментке 18-50 жас аралығындағы 121 ерікті қатысты. Қатысушылар екі топқа бөлінді: біріншісі жаттығу жасаса, екіншісі тек жаттығу техникасы туралы видеоны тамашалады.
Жаттығу бағдарламасы екі минуттық дене қыздырудан басталып, бицепске арналған жаттығу, қолды және аяқ бұлшықеттерін дамытуға арналған тренажерлік жаттығулармен жалғасты. Дайындық аяқталған соң қатысушылар қан талдауы мен тексеруден өтті.
Нәтижесінде күштік жаттығу жасағандар топтарында тест тапсырған кезде реакция уақыты айтарлықтай жылдамырақ болды. Ғалымдар мұны жұмыс жадының жақсаруымен байланыстырды. Жұмыс жады – қысқа уақытқа ақпаратты сақтап, оны бірден өңдеуге жауапты когнитивтік жүйе.
Зерттеу авторларының пікірінше, жаттығудан кейін лактат деңгейінің және артериалдық қысымның уақытша жоғарылауы ми қызметін жеделдетіп, когнитивтік көрсеткіштерді арттыруы мүмкін. Дегенмен, әсердің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз: тексеру тек жаттығудан кейін бірден жүргізілген.