Қазақстан экономиканың жаңа моделіне – білімге негізделген экономикаға бет бұрды. Бұл ұғым елдің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстар емес, білім, ғылым, цифрлық технологиялар арқылы анықталатынын көрсетеді. Мемлекет енді әлеуметтік-экономикалық дамуды инновация, адами капитал, зерттеу мен технологиялық жаңалықтарға сүйене отырып құруды мақсат тұтуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жасанды интеллект пен цифрлық құралдардың маңыздылығына атап өткен еді.
«Стратегиялық міндет – үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар мемлекеттің даму негізіне айналуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Бұл – мемлекеттің дәстүрлі шикізаттық табыс моделінен толыққанды интеллектуалды экономикаға ауысу жолы.
Қазақстан шикізаттық экономикадан білім мен инновацияға негізделген жаңа модельге көшуді саяси таңдау ретінде белгіледі.
Мемлекет басшысы білім мен ғылымды ел болашағының басты өзегі деп санайды:
«Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш. Университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы».
Соңғы жылдары білім-ғылымды қаржыландыру едәуір артты. Университеттерге автономия берілді, технологиялық стартаптарды қолдаудың жаңа институттары қалыптасуда. Бұл өзгерістер кездейсоқ емес – адами капиталды ұлттық байлықтың негізгі көзіне айналдыру мақсаты тұр.
Премьер-министр Олжас Бектенов те экономиканың болашағы тікелей инновацияға тәуелді екенін ашық айтады:
«Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық және болжамды ел болып қала береді», – деді Олжас Бектенов.
Бұл сөз – жаңа экономиканың халықаралық әріптестікке негізделетінін көрсетеді.
Цифрлық Қазақстан – білім экономикасының іргетасы
Елді цифрландыру – білім экономикасына өтудің басты жолдарының бірі. Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы 2017-2018 жылдары қабылданып, сандық инфрақұрылым, электрондық мемлекет, цифрлық сауаттылық, ЖИ, инновацияларды интеграциялау сияқты бастамалармен жалғасты.
Цифрландыру елдің даму моделі ретінде бекітілді. Электронды қызметтер, деректерді басқару, жасанды интеллект, GovTech шешімдері мемлекеттік жүйелерге терең бойлады. Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде цифрлық инфрақұрылым кеңейді, жаңа сервис индустриялары қалыптасты.
Үкімет білім саласын да жүйелі жаңғыртып жатыр. Президент жолдауы аясында бәсекеге қабілетті ұрпаққа инвестиция салу стратегиялық басымдық жасалмақ. Білім беру бағдарламалары еңбек нарығына бейімделіп, инженерлер, IT мамандар, техниктер, зерттеушілер тапшылығын жоюға бағытталуда. Бұл – кадр саясатының түбегейлі өзгеруі.
Осылайша, «экономика – білім + цифр + инновация» формуласын ілгерілету арқылы, мемлекет экономикалық өсімнің жаңа драйверлеріне басымдық беруде.
Адам капиталы экономикалық қуаттың жаңа өлшеміне айналып отыр. Сарапшылар мен үкімет мүшелері елдің байлығы – жер астында емес, жастардың санасында екенін мойындады.
Экономика құрылымындағы өндірістік кәсіптердің роботтандырылып, автоматтандырылуы, жаңа мамандықтардың пайда болуы және өмір бойы білім алу мәдениетінің қалыптасуы азаматтардан цифрлық сауаттылық пен креативті ойлауды талап етеді.
Бұл бағытта Үкіметтің міндеті – жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау: стипендия, зерттеу гранттары, инновациялық технопарктер, университет-өндіріс кооперациясы.
Аталған сала бойынша Қазақстанның болашақ көрінісі туралы айтар болсақ, алдағы 5-10 жылда:
- Қазақстан технология мен білім экспорттаушысына айнала алады;
- Экономикалық өсім тұрақты және диверсификацияланған болады;
- Білімді ұрпақтың арқасында жаһандық нарықта жаңа қазақстандық брендтер пайда болады;
- ЖИ, биотехнология, жасыл энергетика, креативті индустрия – жаңа драйверлерге айналады.
Негізгі мақсат – қазақстандық әр азаматтың әлеуетін экономикалық құндылыққа айналдыру.
Білімге негізделген экономика – бұл Қазақстанның тарихи таңдауы. Мұнда бастаманың эпицентрі – адам. Білім, ғылым, креатив, технология және жасанды интеллект еліміздің келешек бәсекелестік қабілетін айқындамақ.
Президент Тоқаев айтқандай, білім – әлемді өзгертетін күш. Сол күш дәл қазір Қазақстанды жаңа өрлеу кезеңіне алып шығып келеді.