«Тобыл» футбол командасы Қазақстан суперкубогінің иегері атанды

/
«Тобыл» футбол командасы Қазақстан суперкубогінің иегері атанды
«Тобыл» ФК

Жаңа футбол маусымы елордадағы «Астана Аренада» өткен тартысты матчпен ашылды. Қазақстанның қазіргі чемпионы «Қайрат» пен ел Кубогының иегері «Тобыл» Суперкубокты сарапқа салды, деп хабарлайды turkystan.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталып, жеңімпаз тағдыры пенальти сериясында шешілді. Онда қостанайлықтар мергендік танытып, 5:4 есебімен басым түсті.

Ойынның небәрі 6-минутында «Тобыл» есеп ашты. Луи Герра қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасын алға шығарды.

Алайда «Қайрат» үзіліске дейін таразы басын теңестіре білді. 20-минутта Александр Мрынский мергендік танытса, алты минуттан соң финляндылық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен Жоржиньо орындай алмаған пенальтиден кейінгі допты қақпаға дәл бағыттап, есепті еселеді – 2:1.

Матч соңына дейін «сары-қаралар» жеңісті уыстан шығармайтындай көрінген. Бірақ 89-минутта «Тобыл» капитаны Асхат Тағыберген айып соққысын мінсіз орындап, командасын жеңілістен құтқарып қалды – 2:2.

Матчтан кейінгі 11 метрлік соққылар сериясында алғаш болып тепкен «Қайрат» ойыншысы Рикардиньо мүлт кетті. Осы сәт қостанайлықтарға психологиялық басымдық сыйлады. Нәтижесінде футбол лотереясында 5:4 есебімен «Тобылдың» жолы болып, Суперкубокты иеленді.

Айта кетейік, 71-минутта алаңға жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиындарын өткізіп алған Дастан Сәтпаев шығып, пенальти сериясында бесінші болып тепкен соққысын сәтті орындады.

Бүгінге дейін «Қайрат» пен «Тобыл» Қазақстан Суперкубогын үш реттен иеленген еді.

Алматылық ұжым бұл трофейді 2016, 2017 және 2025 жылдары жеңіп алса, қостанайлық клуб 2021, 2022 және 2024 жылдары Суперкубокты қанжығасына байлаған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар