Индонезияның Орталық Ява аймағындағы екі өңірде болған көшкіндер салдарынан 30 адам қаза тапты, құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елдің Табиғи апаттардың зардабын азайту агенттігінің өкілі Абдул Мухаридің айтуынша, тағы 40-қа жуық адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Нөсер жаңбырдың салдарынан көшкіндер өткен апта соңында Чилакап қаласы мен Банджарнегара ауданында болды. Абдул Мухаридің мәліметінше, ондаған үй бүлінген, ал 900-ден астам тұрғын эвакуацияланған.
«Іздеу барысында көп қиындықтарға тап болдық. Мысалы, көшкіннен пайда болған қоқысқа толы көлшіктер мен үздіксіз ағатын су бар. Жаңбыр жауып тұрғандықтан, жаңа көшкіндер қаупі де жоғары», — деді Мухари.
Чилакап қаласындағы іздеу-құтқару жұмыстарына полиция мен әскерилерді қосқанда 700-ден астам адам жұмылдырылған. Бұл жұмыстар келесі аптаға дейін жалғасады.
Индонезияда жауын-шашын маусымы қыркүйекте басталды және метеорология агенттігінің дерегінше, сәуір айына дейін созылады. Бұл көп өңірде су тасқыны мен қатты жауын-шашын қаупін арттырады.