UBM Group Қазақстанда жемшөп өнеркәсібінің заманауи кәсіпорындар желісін құрады

/
UBM Group Қазақстанда жемшөп өнеркәсібінің заманауи кәсіпорындар желісін құрады
АШМ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров UBM Group директорлар кеңесінің төрағасы Акош Варгамен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесуге сондай-ақ Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Отто Иван Рона қатысты.

Еске сала кетейік, UBM Group Қазақстанда бірнеше құрамажем зауыты мен премикс зауытын салуды қамтитын инвестициялық бағдарламаны іске асыруда.

«Бірнеше ай бойы сіздер барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талдап, зауыттар салынатын өңірлерді айқындап, негізгі серіктестіктерді қалыптастырдыңыздар. Бүгін сіздер елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, заманауи өндірістік қуаттылығы зор ауқымды жобаны іске асыруға кірістіңіздер.

Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуда және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады», — деді Айдарбек Сапаров.

Акош Варга компания үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанның жемшөп өнеркәсібін орнықты дамыту үшін сапасы мықты, тиімділігі жоғары заманауи кәсіпорындар құруды мақсат етеміз. Жобаларды жүзеге асыру барысында көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдауыңыз үшін алғыс білдіреміз. Бұл біз үшін өте құнды», — деді ол.

Жылына 100 мың тонна өнім өндіретін құрамажем зауытын салу жобасын Қостанай облысында UBM Group пен «Eco Broiler Ltd» ЖШС бірлесіп жүзеге асырады. Ал Алматы облысында жылына 48 мың тонна өнім шығаратын премикс зауытын «KazFoodProducts» ЖШС-мен бірлесіп салу жоспарланып отыр. Құрылыс 2026 жылы басталады деп жоспарланған.

Кездесу қорытындысы бойынша UBM Group және «Eco Broiler Ltd» ЖШС өкілдері Қазақстанда премикс, концентрат және құрамажем өндіретін кәсіпорындар желісін құруға бағытталған UBM Group бағдарламасын бірлесіп іске асыру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бағдарлама ішкі нарықты да, Орталық Азия елдеріне экспортты да қамтиды.

Сонымен қатар, ұзақмерзімді даму стратегиясы аясында Қостанай облысында жылына 216 мың тонна өнім өндіретін ірі құрамажем зауытын салу көзделуде.

Өнімнің негізгі тұтынушылары Eco Broiler компаниясының тік интеграцияланған құрылымдары мен өңірдің фермерлік және мал шаруашылығы.

Зауыттың бірінші кезеңін 2026–2030 жылдары қолға алу көзделген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары