Астанада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Түркияның Әділет және даму партиясы («AK Parti») төрағасының орынбасары Кюршад Зорлу бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында тараптар партияаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атқарушы хатшы Дәулет Кәрібек делегация мүшелеріне партия жұмысының басым бағыттарын таныстырды. Ол «AMANAT» партиясы өз қызметін қоғам сұранысына сай үнемі жетілдіріп отыратынын атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға ерекше назар аударып, партия оны жүйелі жүзеге асыру ісіне белсенді атсалысатынын мәлімдеді. Бүгінде партияаралық байланыстар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігіне айналып, екі елдің тұрақты дамуына сенімді серпін беруде. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас жыл санап нығайып келе жатқанын жеткізді. Бұл – ең алдымен, мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің нақты нәтижесі.

Өз кезегінде, Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Кюршад Зорлу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл шілдеде Түркияға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар серіктестік байланыстар аясын кеңейтудің берік негізіне айналғанын және бұл жүйеде екі елдің жетекші партиялары арасындағы тікелей байланыстар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Оның айтуынша, «AMANAT» пен «AK Parti» сынды жетекші партиялар екі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық өзара іс-қимылын нығайту ісінде сенімді тірек болуға тиіс. Сонымен қатар Кюршад Зорлу екі партияның жастар және әйелдер ұйымдары арасындағы диалогты жандандыруды ұсынды.

Пікір алмасу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қарқынына көңіл толатынын жеткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында «AMANAT» пен «AK Parti» партияаралық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында аталған құжатқа қол қойды.