Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл барып, өрттен қайтыс болған отбасының жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға болған үйді көріп, құзырлы орган басшылары мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жай-күйімен танысты.
Өңір басшысы Президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын, зардап шеккендерге тиісті көмектер берілетінін жеткізді.
– Жетісай ауданы Алғабас ауылында болған ауыр қайғылы жағдай бәpіміздің жанымызға батты. Өрт салдарынан адам шығыны мен зардап шеккендер бар. Бұл – бүкіл облыс үшін орны толмас қасірет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкіметтік комиссия құрылды. Қазір барлық жауапты органдар оқиғаның нақты себептерін анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеу толық және жан-жақты жүргізілетін болады. Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілуде. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау көрсетеміз. Бұл жағдай біздің толық бақылауымызда. Қандай да бір қосымша шаралар қажет болса, жедел іске асырамыз. Қаза болғандардың жақындары мен отбасына қайғырып көңіл айтамын. Жарақат алған азаматтардың тез сауығып кетуін тілеймін. Біз мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық деңгейде қауіпсіздік шараларын күшейтеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Оқиға хронологиясы
18 қарашада таңертең Түркістан облысы ТЖД-нің «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өрт 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.

Оқиға орнында аудан әкімі, аудандық прокурор, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің басшылары жұмыс істеп жатыр. Жедел жағдайды бағалау және көмек көрсету мақсатында ауданға облыс әкімі, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы келді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімі жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда.
