Канадалық ғалымдар адамның сөйлеу мәнерінде кідірістердің жиілігі мен «э-э», «м-м» сияқты іркілістер ойлау қабілетінің деңгейі мен когнитивтік саулығының белгілері екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of Speech, Language and Hearing Research журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуге Торонто университеті, Baycrest госпиталі және Йорк университетінің ғалымдары қатысқан. Олар сөйлеу ырғағы мен құрылымын талдау арқылы жұмыс жадын, назарды және көп міндетті бір уақытта орындау қабілетін, яғни мидың атқарушы функцияларын бағалау мүмкін екенін дәлелдеді.
Сөйлеу үлгілері 65 пен 75 жас аралығындағы 67 адамның қатысуымен жиналды. Қатысушыларға суретті сипаттап сөйлеу тапсырмасы берілген, әрі олар когнитивтік тестілерден өткен. Ғалымдар сөйлеудің 700-ден астам лингвистикалық параметрін зерттеп, олардың ішінде сөз табудағы кідіріс пен сөйлеу жылдамдығының мидың жұмыс жадымен тікелей байланысты екенін анықтады.
Нәтижесінде «сөз табу қиындығы» мен сөйлеудегі кідірістер жиілігі адамның атқарушы функцияларының әлсіреуінің ең нақты көрсеткіші екені дәлелденді. Мұндай өзгерістер көбіне жасқа байланысты когнитивтік баяулау мен нейродегенеративті аурулардың алғашқы белгілерімен ұштасады.
Ғалымдар болашақта табиғи сөйлеуді автоматты түрде талдайтын жүйелер ми жұмысының бұзылуын ерте кезеңде анықтайтын қарапайым әрі қолжетімді құралға айналуы мүмкін деп санайды.
Зерттеу авторлары алдағы уақытта қатысушыларды бірнеше жыл бойы бақылап, сөйлеу мәнерінің өзгерісі мидың жағдайымен қалай байланысатынын нақтылауды жоспарлап отыр.