Диетолог Николь Эндрюс адам ағзасында рак ауруларының даму қаупін нақты арттыратын екі тағам түрін атады. Маманның айтуынша, алкоголь мен өңделген ет өнімдері — қатерлі ісіктің дәлелденген себепшісі. Бұл туралы Daily Mirror басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Эндрюс қант, ұн өнімдері немесе өсімдік майлары ракқа тікелей әсер етпейтінін айтты. Ал шұжық, жұжық, хот-дог және бекон секілді қайта өңделген ет өнімдері ішек обырының қаупін едәуір арттырады.
«Мұндай тағамдарды аз мөлшерде жеудің өзі тоқ ішек ісігінің даму ықтималдығын көбейтеді», – дейді ол.
Сондай-ақ диетолог алкогольден толық бас тартуға кеңес берді. Себебі спирт ағзада ыдыраған кезде жетіге жуық қатерлі ісік түрін (оның ішінде ішек пен сүт безі рагы) тудыратын улы қосылыстар пайда болады.
Маманның айтуынша, рактың алдын алу үшін табиғи тағамдарға негізделген дұрыс тамақтану, көкөніс пен жемісті жиі тұтыну және алкоголь мен өңделген еттен бас тарту – ең тиімді тәсіл.