Еуропада Airbus A320 ұшағының капитаны жалған құжатпен жұмыс істеп келген

/
Еуропада Airbus A320 ұшағының капитаны жалған құжатпен жұмыс істеп келген
сурет: Adrian Dennis (AFP)

Еуропада бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді: бір айға жуық уақыт бойы жолаушыларды тасымалдаған Airbus A320 ұшағының капитаны жалған құжатпен жұмыс істеген. Ол мыңдаған адамды Еуропа қалалары арасында ұшырып, тіпті Eurowings және Lufthansa рейстерін орындаған, деп хабарлайды turkystan.kz tagesanzeiger.ch-ге сілтеме жасап.

Швейцариялық Aerotelegraph басылымының мәліметінше, бұл адам бұған дейін Garuda Indonesia әуе компаниясында екінші ұшқыш болып істеген, бірақ капитан мәртебесіне қажетті лицензиясы мен ұшу сағаттары болмаған. Соған қарамастан, ол Avion Express компаниясына капитан ретінде жұмысқа орналасып, нақты рейстер орындаған.

Avion Express өкілдері фактіні растады:

«Бұл кісі біздің бұрынғы қызметкеріміз болғанын растаймыз. Қазіргі таңда ішкі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады компания.

Ал Eurowings компаниясы да бұл жағдайды қауіпсіздік мамандарымен бірлесіп тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Тергеу барысында ер адамның жалған ұшқыш лицензиясын және басқа да құжаттарды қолдан жасағаны анықталған. Қазір Avion Express ішкі аудит жүргізіп жатыр. Компания өз кадрлық рәсімдері ережелерге толық сәйкес екенін және қауіпсіздік мәселесін басты басымдық ретінде қарайтынын атап өтті.

Avion Express – Вильнюстегі чартерлік әуе компаниясы. Ол ұшақтарды экипажымен бірге басқа авиакомпанияларға жалға берумен айналысады (wet lease). Оның флотында негізінен Airbus A320 және A321 үлгісіндегі орта қашықтықтағы ұшақтар бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары