6 заң қабылданып, 41 заң жобасы қаралып жатыр: Құрылтай қазан айындағы жұмысын қорытындылады

/
6 заң қабылданып, 41 заң жобасы қаралып жатыр: Құрылтай қазан айындағы жұмысын қорытындылады
Ақорда

Қазан айында Құрылтайда 6 заң қабылданып, оның екеуіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Қазіргі уақытта депутаттардың қарауында 41 заң жобасы бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заң шығарушы органның баспасөз қызметі қазан айындағы қызметінің қорытындысын жариялады. Мәліметке сәйкес, депутаттар заңнамалық бастамаларды қараумен қатар, Президент тапсырмаларын орындау, әлеуметтік мәселелерді шешу және халықаралық парламенттік ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс жүргізген.

Өткен айда 27 депутаттық сауал жолданып, Құрылтайдың қоғамдық қабылдауына 271 азамат жүгінген.

"Депутаттар 27 депутаттық сауал жариялады. Құрылтайдың Қоғамдық қабылдауына 271 азамат келді. Сонымен қатар заң шығару жұмысы, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және халықаралық парламенттік ынтымақтастық бағыттарындағы жұмыс жалғасты", – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жаңа Азаматтық кодекстің жобасын дайындау жұмыстары басталған. Сонымен қатар Құрылтайдың жұмыс топтарында мүгедектігі бар балаларды қолдау, энергияны үнемдеу және баламалы энергетиканы дамытуға қатысты мәселелер талқылануда.

Депутаттар онлайн-платформалар мен масс-медиа қызметін реттеу, сондай-ақ көші-қон саясатын жетілдіру мәселелерін де қарастырып жатыр. Атап айтқанда, шетелдік инвесторларға арналған «алтын виза» тетігіне қатысты ұсыныстар зерделенуде. Бұдан бөлек, кітапхана және кітап басып шығару ісін реттейтін заң жобасы әзірленіп, Үкіметке жолданған.

Құрылтайда әлеуметтік салаға қатысты бірқатар маңызды бастама қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын көтеру мәселелері бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар мұғалімдерді өздерінің тікелей қызметтік міндетіне кірмейтін қосымша жұмыстардан босату және педагогтерге негізсіз қысым көрсетуге жол бермеу бағытындағы ұсыныстар пысықталуда. Бұл бастамалар білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.

Қазан айында Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бірінші оқылымда қаралған.

Талқылау барысында депутаттар әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірлердің экономикалық дамуына қатысты мәселелер көтерген. Сонымен қатар мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру мен Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізілген.

Құрылтайдың мәліметінше, бір ай ішінде 5 жалпы отырыс өткізілген. Бұдан бөлек, комитеттердің 38 отырысы,жұмыс топтарының 68 отырысы және 2 дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Сондай-ақ комитеттің бір көшпелі отырысы өткен. Алдағы уақытта заң шығарушы органда әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеу мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған заң жобаларын қарау жалғасады. Сонымен қатар 2026 жылдың желтоқсан айында "Экономиканың нақты секторын цифрлық трансформациялау" тақырыбында арнайы тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары