Қызылорда облысында Арал теңізін тамашалауға барған шетелдік туристер қиын жағдайға тап болды. Олардың автокөліктері батпаққа батып, жолда қалып қойған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Қытай мен Ресейден келген саяхатшылар Арал теңізінің табиғатын көріп, өңірдің көрікті жерлерімен танысуды жоспарлаған. Алайда теңіз жағалауына қарай бет алған туристердің көліктері батпақты жерге батып, әрі қарай жүре алмай қалған.
Бейтаныс аумақта қиындыққа тап болған шетелдіктер өз күштерімен жолға шыға алмаған соң, полицияның «102» нөміріне хабарласып, көмек сұраған. Шақырту түскен бойда оқиға орнына Арал аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ержан Құлекенов пен табиғат қорғау инспекторы Нұрсұлтан Сағымбаев жеткен.
Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен бірлесіп, батпаққа батқан автокөліктерді шығаруға көмектескен. Нәтижесінде шетелдік туристер қиын жағдайдан аман-есен шығып, сапарларын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.