«Жылағанымды халыққа көрсеткісі келмеді»: Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан кетерде кімнің қолдау білдіргенін айтты

«Жылағанымды халыққа көрсеткісі келмеді»: Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан кетерде кімнің қолдау білдіргенін айтты
ҚФФ

Қостанайлық «Тобыл» клубының капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан кету туралы шешімді соңғы ойынға бір күн қалғанда қабылдағанын айтты.

«Ұлттық құрамадан кету жайлы шешімді 1 күн бұрын қабылдадым. Оған себеп көп болды. Өзімді ұлттық құрамаға көмекші ретінде сезіне алмадым. Ойыннан кейін аяғым тартылды. Құрамаға оралу туралы шешімді бапкер шешеді ғой. Қайтарғысы келсе, қайтарар. Бірақ мен Маруанұлымен сөйлестім. Маған шапан жауып, формамды бергеннен кейін... Өткен нәрсеге өкінбе дегендей, ұлттық құрамадан кеткеніме өкінбеймін», – дейді ойыншы Sport Pulse каналына берген сұхбатында.

Тәжірибелі ойынша ұлттық құрамадан кетерде басты командадағы ойыншылардың оған райынан қайтуды өтінгенін айтады.

«Киім ауыстыру бөлмесінде балалар қарсы болды. Соңғы матчта қасыма келіп, менің жылағанымды халыққа көрсеткісі келмеді. Бірақ видеоларда көрініп қалған ғой. Сол кезде жігіттерге «Жігіттер, мен сендерге көмекші емеспін» дедім. Ойын аяқталған соң алаңға құладым. «Астана-Аренадан» аспанға қарадым, ештеңе сезінбедім. Бос. Сол кезде «Жігіттер, мен болды, шаршадым, кетейін» дедім. Сол кезде бәрі әлі ерте, соңына дейін ойна деп, Қуат, Заруцкийлер келіп құшақтап, қолдау білдірді. Мен өмірде екі сөйлегім келмейді. Сосын киім ауыстыру бөлмесінде «Жігіттер, бұл – менің соңғы ойыным. Сендерге сәттілік! Ұлттық құраманың капитаны болғаным – маған үлкен құрмет» деп айттым», – дейді ойыншы.

Еске сала кетейік, Асхат Тағыберген жазда «Астана-Аренада» Солтүстік Македонияға қарсы өткен ойыннан соң ұлттық құрама сапынан кететінін мәлімдеген болатын.

Асхат – Пушкаш сыйлығына ұсынылған Қазақстанның алғашқы әрі әзірге жалғыз футболшысы. Оның Дания қақпасына бағыттаған соққысы әлі күнге дейін жанкүйерлердің есінде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары