Түзу әрі жылтыр шаш әйелді жас әрі әдемі етіп көрсетеді – ғылыми зерттеу

/
Түзу әрі жылтыр шаш әйелді жас әрі әдемі етіп көрсетеді – ғылыми зерттеу
сурет: istockphoto.com

International Journal of Cosmetic Science журналында жарияланған жаңа зерттеу әйел адамның жас, дені сау және тартымды көрінуінде шаштың ерекше рөл атқаратынын дәлелдеді. Ғалымдардың байқауынша, тегіс әрі жылтыр шаш әйелді визуалды түрде жас әрі тартымды етіп көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz Рsypost-қа сілтеме жасап.

Бұған дейінгі көптеген зерттеулер әйел келбетінің тартымдылығын негізінен бет әлпетінің симметриясы мен тері жағдайына қарап бағалап келген. Ал шаш көбіне ескерілмей, тәжірибеде қатысушылардан шашты жинап қою немесе суреттерден цифрлық жолмен өшіру талап етілетін. Осы себепті шаштың әлеуметтік қабылдауға ықпалы толық зерттелмеген еді.

Вена университетінің антропологы, зерттеу авторы Бернхард Финктің айтуынша, шаш адамның өзін-өзі қабылдауына және сенімділігіне айтарлықтай әсер етеді.

«Адамдар шашына қатты мән береді. Бұрынғы зерттеулердің өзінде адамдар шаш құрылымындағы ұсақ өзгерістерді байқай алатыны анықталған еді», – дейді ол.

Зерттеу барысында ғалымдар екі тәжірибе өткізген. Біріншісінде әртүрлі стильдегі 20 парик пайдаланылып, олардың бір бөлігі арнайы жылтыр өңдеуден өткізілген. Қатысушыларға тек шаш көрінісі ұсынылып, қай суреттегі әйел жас, сау және әдемі көрінеді деген сұрақ қойылған. АҚШ, Германия және Испаниядан 1500 әйел қатысқан тәжірибе нәтижесінде барлық елде жылтыр шаш жас әрі дені сау көрінген бейнемен байланыстырылған.

Екінші тәжірибеде зерттеушілер жылтырлықпен қатар шаштың түзу болуы (alignment) және көлемін де қарастырған. 2000 америкалық әйелдің бағалауы бойынша, ең жоғары тартымдылық пен жастық әсері түзу, жылтыр шашқа тән екені анықталды. Түзу шаш әйелдің сымбаты мен жастығын айқын көрсететін басты фактор болып шыққан.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл қорытынды шаш күтіміне қатысты нарықтағы тұтынушылық мінезге де әсер етуі мүмкін. Өйткені адамдар интернетте басқа әйелдердің жылтыр, тегіс шашын көріп, өз шашын солай жақсартуға ұмтылады.

Ғалымдар алдағы уақытта зерттеуді Азия мен Африка елдерінде жалғастырып, әртүрлі этникалық топтарда шаштың қабылдануы қалай өзгеретінін анықтауды жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары