АҚШ тұрғыны Гэри Кристенсен биыл тағы да әлемдік рекорд орнатты, ол өз қолымен алып асқабақтан қайық жасап, Колумбия өзенінде 94,26 шақырымды жүзіп өтті. Бұл «асқабақ-қайықпен ең ұзақ жүзу» категориясындағы жаңа рекорд болып тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz guinnessworldrecords.com-ға сілтеме жасап.
Өткен жылы Гэри дәл осындай жетістікке Punky Loafster деп атаған қайығымен жетіп, 73,5 шақырымды еңсерген еді. Алайда ол нәтижесіне көңілі толмай, жаңа сынаққа көктемде, өзен ағысы күштірек кезде шығуға шешім қабылдаған. Осы жолы оның жаңа «кемесі» Marchflower деп аталады. Бұл атау «Mayflower» кемесіне құрмет ретінде таңдалған: асқабақ наурызда тозаңдандырылып, мамырда жиналған.
Жаңа қайық бұрынғысынан 136 келіге жеңіл болғанымен, фермер өз рекордын айтарлықтай жақсартты. Ол өз сөзінде:
«Бірінші сапарда өзен толқындарын бақылау мен ескекті тиімді қолдануды үйрендім. Ал бұл жолы одан да көп жаңа тәсілдерді меңгердім. Бірақ ең қиыны қыс бойы алып асқабақ өсіру еді», - деді.
Гэри Кристенсен 20 сағаттан астам уақыт асқабақпен жүзіп, әлемдік рекордты ресми түрде жаңартты. Дегенмен ол бастапқы жоспары бойынша бұдан да ұзақ қашықтықты еңсергісі келгенін мойындады.