Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында әділеттілік қағидаттары ел ішінде дәріптеліп жатқанын баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Біз бәріміз біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз.

Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға «Әділет» атауын бердік.

Біз тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беруіміз керек.

Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе».

Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституцияның маңызына тоқталды.

«Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік.

Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық.

Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық.

Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды.

Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституциямызға сәйкес басты құндылықтар деп танылды.

Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мызғымас қағидат ретінде бекітілді. Білім мен ғылымды, инновацияны, жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті деп көрсетілді.

Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды», – дейді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар