Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды

/
Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды
stat.gov.kz

Қазақстанда 1 тамызда басталған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды. Бұл санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ауыл шаруашылығы санақтарының оныншы Дүниежүзілік бағдарламасы аясында өткізілді. Еліміз бойынша шамамен 1,6 млн үй шаруашылығы мен 300 мың ауыл шаруашылығы нысаны қамтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Санақтың сауалнама парағында жер пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасының болуы, егіс алқаптарының көлемі, тыңайтқыш қолдану, мал шаруашылығы, еңбекпен қамту және басқа да маңызды көрсеткіштерге қатысты сұрақтар қамтылды. Ақпарат ірі аграрлық кәсіпорындардан, фермерлік және шаруа қожалықтарынан, сондай-ақ жеке тұтыну үшін ауыл шаруашылығымен айналысатын үй шаруашылықтарынан жиналды.

«Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысқан, қолдау көрсеткен және көмектескен барлық азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Айта кету керек, бұл тек деректерді жинау бойынша негізгі кезеңнің аяқталуы. Алда бізді осы деректерді өңдеу, салыстыру және әртүрлі деңгейде біріктіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Жиналған мәліметтер аграрлық саланың жай-күйі туралы объективті көрініс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан және осы маңызды істі қолдаған әр адамға алғыс айтамын», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Деректерді жинау екі кезеңмен жүргізілді. Бірінші кезең 1–31 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Азаматтар sanaq.gov.kz сайты арқылы, ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасы арқылы QR-көмегімен авторизацияланып, сауалнама парағын толтыра алды. Бұл мүмкіндікті шамамен 600 мың респондент пайдаланды.

Екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін офлайн форматта өтті. Еліміз бойынша 3 200-ден астам интервьюер сауалнама жүргізді. Әрбір интервьюерге GPS-навигация жүйесімен жабдықталған планшет берілді, бұл маршруттардың ашықтығы мен деректердің шынайылығын қамтамасыз етті.

«Бұл жұмыста интервьюерлердің еңбегі орасан зор. Олар күн сайын азаматтармен тікелей байланыста болып, санақтың мақсатын түсіндіріп, маңызды деректерді жинады. Сонымен қатар, негізгі жұмыстарында халықпен жұмыс істейтін пошташылар, әлеуметтік қызметкерлер, коммуналдық қызмет бақылаушылары да қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, біз халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы келген жұмыссыз азаматтарды санаққа тарттық», – деді Бюро басшысы.

Санақ аясында кең көлемді ақпараттық кампания жүргізілді. Азаматтар мессенджерлер, әлеуметтік желілер мен аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала хабардар етілді. Санақтың ресми сайтында санақтан онлайн өту бойынша бейненұсқаулықтар орналастырылды, сондай-ақ пайдаланушылардың сұрақтарына нақты уақыт режимінде жауап берген SANAQ мырза атты чат-бот жұмыс істеді.

Ел бойынша әкімдіктер мен аудандық статистика басқармаларының базасында санақтан өз бетімен өтуге арналған 2 684 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылды. Сондай-ақ бүкіл кампания барысында 1446 нөмірі арқылы жұмыс істеген Байланыс орталығы 22 мыңнан астам өтінішті қабылдады, ал SANAQ мырза чат-боты 8,5 мың сұраққа жауап берді.

Жиналған деректер мемлекетке агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын арттыру және ресурстарды тиімді пайдалану бойынша неғұрлым дәл әрі негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Санақ нәтижелерін алдын ала өңдеу және талдау алдағы айларда аяқталады. Қорытынды деректер арнайы аналитикалық құралдарда өңделіп, визуализацияланып, келер жылы Бюроның ресми сайтында жарияланады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары