Көпбейінді облыстық ауруханада Қармақшы ауданының тұрғыны Салтанат Ұзақбай салмағы 6 келі 500 грамм болатын нәрестені дүниеге әкелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Акушерлік бөлім меңгерушісі Ержанова Арман Иманғалиқызы мен акушер-гинеколог Қосназарова Фатима Алиасқарқызы жоспарлы ота жасады. Алып баланың туылған кезде жағдайы ауыр болған. Мамандар нәрестенің денсаулығын тұрақтандыру үшін Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінде қосымша ем қабылдағанын айтты.
Қазір нәресте мен анасының денсаулығы тұрақты. Сәби ана сүтімен қоректенуде. Алып балаға атасы Қуанышбек деп есім беріпті. Жақын күндері «алып бала» атанған Базарбаев Куанышбек Ерсұлтанұлы үйіне шығарылады.
Айта кету керек, Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханада өткен жылдың наурыз айында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Бұған дейін Қызылордада босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – облыстық перинаталдық орталық ғана болған. Аталған бөлім перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтты. Акушерлік бөлім Сыр бойылық түрлі сырқаты бар жүкті әйелдерге көмек көрсетуде. Аурухананың акушерлік бөлімінде ашылғалы бері 3043 нәресте дүниеге келген. Олардың 1328-і Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінде қосымша ем алған. Ал жыл басынан бері 1343 нәресте дүниеге есігін ашты