Елордада қоғамдық орындарды ластаудың мыңдаған фактісі тіркелген. Полиция тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға шақырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қоғамдық орындарды ластау мәселесі елорда үшін өзекті күйінде қалып отыр. Биылғы жылдың басынан бері Астанада қоғамдық орындарды ластаудың 12 мыңға жуық дерегі тіркелген. Оған көшелерге, аялдамаларға, саябақтар мен аулаларға қоқыс тастау, темекі қалдықтарын лақтыру, түкіру, сондай-ақ көліктің терезесінен қалдық шығару фактілері жатады. Мұндай әрекеттер қаланың келбетін бұзып қана қоймай, тұрғындардың санитарлық қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.
Қалалық полиция осындай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жедел басқару орталығының операторлары бейнебақылау камералары арқылы ластау деректерін тіркейді. Ақпарат бірден полицияның кезекші жасақтарына жолданып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәртіпті сақтауға елорданың бейжай қарамайтын тұрғындары да елеулі үлес қосып отыр.