ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында 2025 жылғы 10 қазанда көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕГІ ТІЛ ҒЫЛЫМЫ, ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты түркологиялық конгресстің пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Конгресс аясында академик Ш.Сарыбаевтың ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл білімі, филология, түркітану бойынша жаңа ғылыми парадигмалар талқыланды. Конгреске белгілі қоғам қайраткерлері, қазақ тілтанымы, түркітану, филология, лингвистика бойынша отандық ғалымдар, жазушылар қатысып, сондай-ақ шетелдік оның ішінде Түркия, Азербайжан, Өзбекстан, Қырғызстанның жетекші ғалымдары өз баяндамаларында шараның бүкіл түркі елдеріне ортақ екенін мәлімдеп, ғылыми зерттеулерімен бөлісті.
Конгресте арнайы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеткізді. Президент өз құттықтауында: «Шора Сарыбаев – тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын терең зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтіп, ғылыми дамуына зор үлес қосты. Белгілі академик қазақ тілінің аймақтық сөздігін құрастыру мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырып, іргелі зерттеулер жүргізді. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты, тіл білімінің библиографиясын әзірледі. Ғалымның еңбек жолын отандық ғылымға деген адалдықтың озық үлгісі деуге болады».
Ауқымды іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев және «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев: «Шора Шамғалиұлының ғылыми еңбектері тек қазақ тілінің ғана емес, жалпы түркі тілдерінің тарихын, диалектілік байлығын танытуға зор үлес қосты. Ол өз мектебін қалыптастырып, кейінгі буын тілтанушы ғалымдарға бағыт-бағдар берді. Бүгінгі конгресс – сол ұлы дәстүрдің жалғасы, ғылымдағы сабақтастықтың көрінісі» деп атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде: «Ш.Сарыбаевтың қазақ тілі тарихы мен диалектологиясын, лексикологиясы мен лексикографиясын, тәжірибелік лексикографияны, терминология мен грамматиканы зерттеуге қосқан үлесі зор. Ғалым Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында іргелі зерттеулер жүргізе жүріп, ғылыми кадрлар даярлау ісіне де белсене араласты. Көптеген дарынды шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырып, ұлағатты ұстаз атанды» деп атап өтті.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды: «Академик Ш. Сарыбаев – бүкіл еңбек жолын қазақ тіл білімінің түрлі саласында терең зерттеулер жүргізген көрнекті ғалым. Ол тек ғылыммен шектелмей, ұлттық мәдениет пен қоғамдық өмірге де белсене араласты. Ғалымның білім мен руханиятты ұштастырған жан-жақты тұлғасы кейінгі буынға әрдайым үлгі болары сөзсіз» деп атап өтті.
Конгресс аясында академик Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасы мен қазақ диалектологиясының өзекті мәселелері талқыланып, түркі тілдері мен алтаистикадағы салыстырмалы-тарихи зерттеулерге назар аударылды. Қазақ тілінің тарихы, лексикологиясы мен лексикографиясының жаңа қырлары, сондай-ақ антропоөзектік бағыттағы лингвистикалық ізденістер қарастырылды. Терминологияның өзекті мәселелері мен ұлттық тіл корпусын әзірлеу тәжірибесі де күн тәртібінде талқыланды. Сонымен қатар тіл білімін білім беру жүйесінде дамытуға арналған бағдарламалар мен әдістемелік инновациялар қарастырылды. Конгрестің секциялық мәжілістері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасын табады.
Айтулы шарада академик Ш.Сарыбаевтың ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған жаңа еңбектер: ғалымның толық шығармалар жинағы, библиографиялық көрсеткіш, тіл оқыту әдістемесіне арналған еңбектер мен тұлғалық қырын ашатын басылымдар таныстырылып, ғалымның 100 жылдығына арналған түркологиялық конгресс материалдары жарық көрді.