БҚО-да ипотекамен үй алуға көмектеспек болған алаяқ әйел ұсталды

/
БҚО-да ипотекамен үй алуға көмектеспек болған алаяқ әйел ұсталды
Полиция. Фото: polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында полиция азаматтарды алдап келген 34 жастағы күдікті әйелді ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, ол бұған дейін банк саласында жұмыс істеген және тұрғындарға ипотекалық несие рәсімдеуге, тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға көмектесемін деп сендіріп, олардың ақшасын иемденген деген күдікке ілінді.

"Тергеу барысында күдіктіге қатысты алаяқтықтың 12 фактісі анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Келтірілген жалпы материалдық залалдың көлемі 50 млн теңгеден асады.

Белгілі болғандай, жәбірленушілердің басым бөлігі – қаладағы жеке кәсіпкерлер. Кейбір жағдайларда күдікті автокөлік сатып алуға жәрдемдесемін деп алдап, азаматтардың қаражатын иемденген.

Ең ірі эпизод облыс аудандарының бірінің тұрғынына қатысты: ол ипотека рәсімдеуге көмек көрсетемін деген желеумен күдіктіге 23 млн теңгеден астам қаражат берген.

Қазір тергеу жалғасуда. Полиция азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз немесе ұқсас деректер туралы білсеңіз, полицияға дереу хабарласыңыз", - делінген ақпаратта.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары