Астанада «Мюзикл әлеміне саяхат» атты театрландырылған кеш өтті

/
Астанада «Мюзикл әлеміне саяхат» атты театрландырылған кеш өтті

«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының отандық және әлемдік мюзиклдердің жарқын үзінділерін біріктірген «Мюзикл әлеміне саяхат» атты театрландырылған бағдарламасы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кеште театр әртістері көрерменді музыка, би және актерлік өнер тоғысқан мюзикл жанрының сан қырлы әлемімен таныстырды. Сахналанған көріністерде кейіпкерлердің сезімі мен тағдыры, махаббат пен достық, арман мен үміт тақырыптары көрініс тапты.

Көрермен «Достар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» қойылымдарынан, сондай-ақ әлемге танымал «Moana», «Mamma Mia», «Moulin Rouge», «Romeo and Juliet», «Beauty and the Beast», «Notre Dame de Paris», «Aladdin», «Memphis», «Waitress», «Hamilton» мюзиклдерінен үзінділерді және «Seasons of Love» музыкалық нөмірін тамашалады.

Бағдарламаның ерекшелігі – мазмұны мен музыкалық стилі әртүрлі туындылардың бір сахнада тоғысуы. Жанды вокал, әсерлі хореография мен театрландырылған көріністер әр шығарманың өзіндік болмысын ашып, мюзикл өнерінің әралуандығын көрсетті.

«Мюзикл әлеміне саяхат» кеші көрерменге сүйікті шығармаларымен қайта қауышып, жаңа туындылармен танысуға және театр өнерінің ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді. Жалпы театр репертуарында бұдан бөлек «Астана – менің махаббатым» спектаклі, балаларға арналған «Ер Төстік» ертегісі, «Жырлайды жүрек», «Мен сағындым...» поэтикалық спектакльдері, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі, Рэй Кунидің әйгілі «№13» комедиясы, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформанс, «Сиқырлы сазды хор-концерт», «Сынақ» драмасы, «COVID-19» перформансы т.б. қойылымдары бар.

«Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының көркемдік жетекшісі – Есләм Нұртазин. Ал қойылымның режиссеры – Айдар Ақыпбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары