2025 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығы металлорганикалық каркастар (МОК) деп аталатын ерекше құрылымдарды әзірлеген ғалымдарға берілді. Лауреаттар қатарында жапон зерттеушісі Сусуму Китагава (Киото университеті), австралиялық Ричард Робсон (Мельбурн университеті) және америкалық Омар Яги (Калифорния университеті, Беркли) бар. Бұл туралы шешімді Швецияның Корольдік ғылым академиясы жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар иондар мен органикалық молекулаларды біріктіріп, газдар мен басқа да заттарды сіңіре алатын жаңа кристалдық құрылымдар жасады. Мұндай материалдардың кеңістігі ерекше: олардың ішінде газ бөлшектері еркін қозғала алады. Осы қасиет МОК-тарды газды сақтау, суды ауадан жинау және көмірқышқыл газын ұстап қалу сияқты түрлі мақсаттарға қолдануға мүмкіндік береді.
Нобель комитетінің төрағасы Хайнер Линке бұл жаңалықты «жеке қасиеттері бар жаңа материалдарды жасауға жол ашқан іргелі жетістік» деп атады.
1989 жылы Ричард Робсон мыс иондарын органикалық молекулалармен біріктіріп, алғашқы көлемді кристал құрылымын алған болатын. Кейін Сусуму Китагава бұл каркастардың газдарды өткізіп, қайта шығара алатынын дәлелдеді. Ал Омар Яги тұрақты әрі өзгермелі қасиеттері бар жаңа буынды МОК түрін жасап, оны түрлі мақсатқа бейімдеудің жолын тапты.
Бүгінде химияда мұндай құрылымдардың ондаған мың түрі белгілі. Олар экологиялық және өнеркәсіптік салаларда — ауа тазалау, энергия сақтау мен катализ процестерінде кеңінен қолданылып жатыр.