Мемлекеттік университеттердің автономиясын кеңейту қажет – Нұрлан Дулатбеков

/
Мемлекеттік университеттердің автономиясын кеңейту қажет – Нұрлан Дулатбеков

Бүгін өткен Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Дулатбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды жетілдіру мәселелері жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаһандық бәсекелестік жағдайында адами капитал мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы болып отыр. Азаматтардың білімі, кәсіби біліктілігі мен ғылыми әлеуеті елдің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. «Әділет» партиясы ғылымды, білім беруді және адами әлеуетті дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Партия бағдарламасында сапалы білім беру, ғылымды қолдау, білікті кадрлар даярлау және педагогтер мен ғалымдардың мәртебесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысы адами капиталдың сапасына, азаматтардың жауапкершілігіне және мемлекеттік институттардың тиімділігіне тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты жоғары білім мен ғылым жүйесін одан әрі жетілдіру маңызды міндет болып қала береді», – деді ол.

Сонымен қатар депутат күні бүгін өзекті болып отырған бірнеше мәселені алға тартты.

«Сонымен бірге, шешімін талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер сақталуда.

Біріншіден, университеттердің нақты автономиясын қамтамасыз ету қажет. Қолданыстағы заңнамада академиялық дербестік көзделгенімен, мемлекеттік жоғары оқу орындары басқару және қаржылық мәселелерде әлі де орталықтандыруға тәуелді. Университеттердің корпоративтік басқару тетіктерін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыру маңызды.

Екіншіден, өңірлік университеттерді дамыту мәселесі өзекті. Ғылыми әлеует пен қаржыландырудың басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Өңірлік жоғары оқу орындары кадр даярлау ғана емес, ғылым мен инновацияның өңірлік орталықтарына айналуы тиіс.

Үшіншіден, ғылыми кадрлардың тұрақты мансаптық жүйесін қалыптастыру қажет. Жас ғалымдарды қолдау, өңірлерге тарту, ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту және қосымша ынталандыру шараларын енгізу маңызды», – деді ол.

Осы орайда Нұрлан Орынбасарұлы келесі мәселелерді шешуді сұрады.

«Осыған байланысты келесі мәселелерді қарастыруды сұраймын:

  1. Мемлекеттік университеттердің автономиясын кеңейту және корпоративтік басқару қағидаттарын дамыту.
  2. Өңірлік университеттерді ғылым, инновация және аумақтық даму орталықтары ретінде қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу.
  3. Ғылыми мансаптың үздіксіз жүйесін қалыптастыру және ғалымдарды өңірлерге тарту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін енгізу.
  4. Жастар саны қарқынды өсіп отырған өңірлерде жаңа университеттік орталықтар құру мүмкіндігін қарастыру.

Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, көрсетілген мәселелер бойынша Үкіметтің ұстанымы және оларды іске асырудың мүмкін шаралары туралы ақпаратты заң талаптарына сәйкес жазбаша түрде белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймын», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар