Шымкент қаласында «Магнум» сауда үйінің автотұрағы аумағынан адам сүйектері табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Автордың айтуынша, сүйектер пакетке салынған күйі жатқан.
«Бәлкім, құрылысшылар қазып алып, қалдырып кеткен сияқты. Жанында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», - деп жазған ол.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, сүйектер табылған жерге тергеу-жедел тобы барған.
«Табылған сүйектер олардың шығу тегін және жерленген уақытының шамасын анықтау үшін сараптамаға жіберіледі. Айта кетейік, өткен жылы да осы ауданда құрылыс жұмыстары кезінде шамамен 25–30 жыл бұрынғы жерлеу орындары табылған болатын», – деп хабарлады ведомство.
Полиция мұндай жағдайларда азаматтарға дербес әрекет етпей, дереу ішкі істер органдарына хабарлау қажеттігін ескертеді.