Адамның жасы ұлғайған сайын, бойы қысқарады – неліктен?

/
Адамның жасы ұлғайған сайын, бойы қысқарады – неліктен?
сурет: istockphoto.com

Ғалымдардың айтуынша, жас ұлғайған сайын адамның бойы біртіндеп аласарады: орта есеппен әр он жыл сайын шамамен бір сантиметрге қысқарады. Бұл табиғи процесс, бірақ оны баяулатуға болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Адамның омыртқаларының арасында орналасқан аралық дискілер амортизатор қызметін атқарады. Жас өте келе олар ылғалын жоғалтып, жұқара бастайды. Соның салдарынан омыртқааралық қашықтық азаяды, ал адам бойы қысқара түседі. Бұған қоса, сүйек тінінің тығыздығы да төмендейді: сүйектердің ішкі құрылымы босаңсып, берік қасиетін жоғалтады. Сонымен қатар, бұлшықет массасы азаяды, ал ол қаңқаны ұстап тұруда маңызды рөл атқарады.

Ланкастер медицина мектебінің анатомия профессоры Адам Тейлордың мәліметінше, 40 жастан кейін бұл процесс барлығында байқалады. Ер адамдар жылына бойының шамамен 0,1 пайызын, әйелдер 0,14 пайызын жоғалтады.

Көп уақыт бойы компьютер алдында немесе көлікте отыру бұрыс қалып пен омыртқа иілуіне әкеледі. Уақыт өте келе адам денесі осы күйге бейімделіп, иығы мен арқасы еңкейеді. Ал егде жаста тепе-теңдікті сақтау үшін табиғи еңкею қосылады, бұл да бойдың көзге көрінерліктей қысқаруына себеп болады.

Бұл процесті толығымен тоқтату мүмкін емес, бірақ оны баяулатуға болады. Ғалымдар жеткілікті мөлшерде D дәрумені мен кальций қабылдауға, тұрақты дене белсенділігін арттыруға, әсіресе жүру мен күштік жаттығулар жасауға кеңес береді. Сондай-ақ темекі мен алкогольден бас тарту сүйектер мен бұлшықеттердің беріктігін сақтауға көмектеседі.

Күннің аяғына қарай адамның бойы аздап қысқарады, бұл да – қалыпты жағдай. Себебі күн бойы омыртқааралық дискілер дене салмағының әсерінен сығылады, ал түнде демалу кезінде қайта қалпына келеді.

Алайда бойдың айтарлықтай қысқаруы остеопороз немесе басқа да сүйек ауруларының белгісі болуы мүмкін. Сондықтан мамандар сүйек саулығын жас кезден бастап бақылауға кеңес береді.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары