Бір унция алтын бағасы тарихта алғаш рет 4 мың доллардан асты. Осылайша алтын бағасы жыл басынан бері 50%-дан аса қымбаттаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан уақытымен 10:45-те әлемдік нарықта алтынның бағасы унциясына 4017 доллар болды, ал желтоқсан айындағы фьючерстер 4040 доллар деңгейінде саудаланды.
Сарапшылардың мәліметінше, алтынның қымбаттауына АҚШ-та негізгі мөлшерлемені төмендетуге қатысты күтулер, доллардың әлсіреуі және орталық банктердің белсенді сатып алуы әсер етіп отыр. Сонымен қатар, алтын қорларына қаржы құю да өз рөлін атқарды.
АҚШ-та жеті күн бойы бюджет бекітілмегендіктен, федералдық үкіметтің жұмысы ішінара тоқтап тұр (шатдаун), бұл да экономикалық көрсеткіштердің жариялануын кейінге қалдырды.
Саудагерлердің бағалауынша, егер өсу қарқыны сақталса, алтын бағасы унциясына 5 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін.
«Бағаның өсуінің басты факторлары — қарыздар, резервтерді әртараптандыру және әлсіз доллар — ұзақ уақыт бойы сақталады», – деді трейдер Тай Вонг.
KCM Trade сарапшысы Тим Уотерердің айтуынша, өсуге инвесторлардың мүмкіндікті жіберіп алмау қорқынышы (FOMO эффекті) да ықпал етуде.
«Дегенмен баға 4000 доллар межесіне жеткеннен кейін инвесторлар пайдасын бекітіп, қысқа мерзімді түзету болуы ықтимал», – деді сарапшы.
Алтынмен қатар басқа да бағалы металдардың бағасы көтерілді:
Күміс – 1,3 %-ға, унциясына 48,44 доллар;
Платина – 2,4 %-ға, 1657,33 доллар;
Палладий – 2,3 %-ға, 1368,68 доллар.