Табиғатты қорғау прокурорлары «Джон Бан МеталлПром» ЖШС-нің әкімшілік жауапкершілікке тарту барысында айыппұл сомасының дұрыс айқындалмағаны туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экология департаментінің қаулысымен ЖШС-ге бұзушылық кезеңі айқындалмай, ластаушы заттардың нормативтерін асырғаны үшін 34,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынғаны анықталды.
Прокурордың наразылығы бойынша сот әкімшілік айыппұл мөлшерін 4 есе, яғни 8,6 млн теңгеге дейін төмендетті.
Айта кету керек, кәсіпорын қытайлық компанияға тиесілі және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен жасалған модельдік келісімшарт негізінде инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.
Жоба металлургиялық өндірістен шыққан мырыш-қорғасын қалдықтарын қайта өңдеуді көздейді. Инвестиция көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды, 50 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.