Алматы облысындағы Көлсай көлінде Telegram және «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Павел Дуровтың мұздай суға шомылған сәті жарияланғаннан кейін, Ұлттық табиғи парк бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, Көлсай көлдерінде шомылуға қатаң тыйым салынған. Тengrinews.kz сайты бұл талап туристік маршруттың ресми төлқұжатында нақты көрсетілгенін атап өткен.
«Аталған жағдай бойынша парк басшылығы қызметтік тексеріс бастады. Тексеріс нәтижесіне қарай тиісті аумақты бақылауда ұстауға немқұрайлы қараған жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолданылады», – деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Еске салайық, Павел Дуров өзінің Telegram желісіндегі стористе мұздай суға түскен видеосын жариялап, оған қысқаша: «Тамаша жүздім» деп жазған болатын.