Шымкентте 33 жастағы тұрғынға эхинококкоз диагнозы қойылып, бауыры мен өт қабындағы паразиттік кисталарды алып тастау үшін ота жасалды. Операция №1 қалалық клиникалық ауруханада лапароскопиялық әдіспен сәтті өтті, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, тексеру кезінде паразиттік киста бауырмен ғана шектелмей, өт қабына да таралғаны анықталған. Осыған байланысты науқасқа хирургиялық ота жасау туралы шешім қабылданған.
Операция барысында хирургтер бауыр мен өт қабындағы эхинококк кисталарын алып тастады. Ота іш қуысын кеңінен ашпай, шағын тіліктер арқылы жасалатын лапароскопиялық әдіспен жүргізілген.
«Бүгін – операциядан кейінгі үшінші күн. Науқастың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Операция лапароскопиялық әдіспен жасалды. Бұл – іш қуысын кеңінен ашпай, шағын тіліктер арқылы жасалатын аз инвазивті операция түрі. Осы әдістің артықшылығы – науқастың тезірек қалпына келуі және аяққа ерте тұруы», – деді хирург дәрігер Гүлсара Абдураимова.
Қазір науқас хирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақты.
Науқастың сөзінше, ол бұған дейін ағзасында паразиттік киста бар екенін білмеген.
«Бұған дейін оның бар екенін өзім де білмеппін. Дәрігерлерге қаралып, қажетті тексерулерден өткеннен кейін операция жасау туралы шешім қабылданды. Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Операциядан кейінгі екінші-үшінші күні өз аяғыммен жүре бастадым. Ауырсынуым да басылды», – деді ол.
Мамандар эхинококкоз дер кезінде анықталып, емделмеген жағдайда паразиттік кисталар басқа ағзаларды да зақымдауы мүмкін екенін ескертеді. Ауыр жағдайда ауру өкпе мен миға да әсер етуі ықтимал. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды профилактикалық тексеруден уақытылы өтуге шақырады.