«AMANAT» партиясының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы Түркістан облысында жалғасуда. Эстафета қатысушылары бүгін Ордабасы ауданына келіп жетті. Ұлт бірлігінің символы атанған қастерлі мекенге табан тіреген жастарды аудан жұртшылығы Қарауыл төбе қасиетті орнында қарсы алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақ даласының құнды жәдігері саналатын төбеге бүгінде 30 метрлік Ту тұғыр орнатылып, көк байрағымыз ең биік шыңда мәңгілікке желбіреді. Халықаралық күре жолдың бойындағы ең биік нүктеге орнатылған Туымыз – мемлекеттілігіміздің берік екенін көрсететін нышан санатында.
«Taza Qazaqstan» road-эстафетасына қатысушыларды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ел ағалары, жауынгерлік самбо бойынша үш дүркін әлем чемпионы, танымал ММА жауынгері Арман Оспанов, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, партияның аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат, жергілікті партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудан тұрғындары қарсы алып, жастардың қоғам игілігіне арналған бастамасына қолдау білдірді.
Қазақ халқының ұлттық бірлігінің символына айналған Ордабасы жерінің жасампаздық рухы жөнінде аудан әкімі Азат Оралбаев кең мағлұмат беріп, әйгілі Ордабасы биігінде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қазақ халқының басына күн туғанда бас қосып, ел тағдырына қатысты ортақ шешім қабылдап, бірлікке бастағанын айтты. Қастерлі мекеннің таза болуын қамту, оның ажарын ашып, көрікті мекенге айналдыру – ұлттық рухымызға тағзым, тарихымызға құрмет екенін білдірді.
Топ бастап келген жастардың ізгілік ниетіне түркістандық жұртшылықтың алғысын жеткізген Алтынсары Үмбетәлиев, Ордабасы біздің тарихымыздағы елдік пен ерліктің алтын тұғыры екенін айтты.
«Осы қасиетті мекенде халқымыз бірігіп, ұлт тағдыры шешілген болатын. Ордабасыдағы ұлы жиын қазаққа бір нәрсені ұқтырды: елдіктің тірегі бірлік, болашақтың кепілі – ынтымақ. «AMANAT» партиясы да осы идеяны басты бағдар етіп бекітті. Елді біріктіретін, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын басты құндылық – татулық пен жасампаз еңбек. Бұл жолда жастардың орны ерекше. Себебі Ордабасыда бабалар елдікті қорғау үшін тізе қосса, бігінгі жастар – Таза Қазақстанды құратын, жаңа тарихты жазатын басты күш», - деді облыстық партия филиалының төрағасы.
«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған road-эстафетаның маңызды миссиясы туралы партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова айтып берді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы қолға алған «Таза Қазақстан» идеясы бұл тек экология емес, ол таза ой, таза ниет, адал еңбек екенін жеткізді. Қоршаған ортаны қорғау, таза еңбек пен адалдықты дәріптеу, жаңа мүмкіндіктерді игеру – осының бәрі жас ұрпақтың жігерімен ғана жүзеге асатынын мәлімдеп, партиямыз жастарға сенетінін, олардың ұсынысын тыңдайтынын, әр бастаманы қолдауға дайын екенін білдірді.
Жастарға деген жалынды сөзін атақты спортшыларымыз Арман Оспанов пен Біржан Жақыпов та арнады. Спорттағы ең басты қағида – адалдық пен таза еңбек екенін білдіре отырып, бұл қағида «Таза Қазақстан» идеясына да сай келетінін айтты. Өйткені таза орта, таза қоғам – мықты ұрпақтың кепілі деп байыптады.
Іс-шараға қатысушы жастар, аудан тұрғындары, партия өкілдері, аудан басшылығы мен депутаттық корпус ұлт қазынасына баланған қасиетті жердің ажарын ашуға үлестерін қосты. Ту тұғыр аймағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, ортақ мақсатқа біріккен алып күш екенін көрсетті.
Road-эстафета әрі қарай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойымен жалғасып, Арыс қалалық әкімдігіне қарасты Дермене ауылдық округінің Екпінді ауылына келіп жетті. Мұнда өңірімізге мейман болып келген жастарға Бөген өзеніне салынған ел аузында «Қызыл көпір» деп аталатын инженерлік өткелдің тарихы түсіндірілді.
«Сіздер тамашалап тұрған бұл көпір 1886 жылы Ұлы Жібек жолы бойындағы ағаш көпірдің орнына салынған. Көріп тұрғандарыңыздай, көпірдің қаңқасы тұтас болат темірден жасалған. Ғажабы сол, оны құрастыруда бірде-бір бекіткі құралдары пайдаланылмаған. Осы кезге дейін көпірдің табанына қаланған кірпіштер үгітілмей, сол қалпында сақталған. Инженерлік нысан тарихи ескерткіш ретінде жергілікті маңызы бар тарихи объектілерге жатады», - деп атап өтті облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман.
Түркістан облысының Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласының әкімшілік аумақтары түйіскен бұл нүктеде көлік қозғалысы қарқынды, жолаушылар ағыны бір сәтке де толастамайды. Осы аумаққа жақын Бөген су қоймасының балығын іздеп келуші азаматтардың да қатары көп. Қым-қуыт қозғалысы бар аймақта күн сайын тазалықты қамту жұмыстары үлкен күшті қажет етеді. Жол бойын ретке келтірген эстафета қатысушылары шамамен 1 тоннаға жуық қоқыс жинап, арнайы техникалармен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жөнелтті.
Эстафетаға қатысушылардың бір бөлігі Ордабасы биігіне жол тартып, «Бірлік» монумент кешенінде «Вандализмге жол жоқ!» акциясын өткізді.
Атап өтуіміз қажет, «Бірлік» монументі «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының құрамына кіреді. Бұл тарихи маңызға ие қорық 1993 жылдың 26 мамырында құрылған. Қорық аумағы 1100 гектардан асады, осы аумақта тарихи маңызға ие 10 ескерткіш бар. Қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев Ордабасы төбесін Қазақ рухының қағбасы деп атаған. «Бірлік» монументі 1997 жылы бой көтерген. Қастерлі мекеннің таза болуын қамту, оның бүлінген тұстарын ретке келтіру – ұлттық рухымызға тағзым, тарихымызға құрмет деген пікірлерін жеткізді эстафета қатысушылары.
Эстафетаға қатысушылар ескерткіш аумағында тазалық жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштің бөліктеріне жазба қалдыру, бояу жағу сынды вандалдық әрекеттерден келген зиянды ретке келтіріп, қоғамға ортақ мүлікті қалпына келтірді.
«Вандализм тек материалдық шығын ғана әкелмейді, ол – адамдардың мәдени құндылыққа, ортақ игілікке деген құрметін азайтады. Адал азамат жауапсыздық пен тәртіпсіздікке бармайды, қоғамға ортақ мүлікті бүлдірмейді. Осындай акция өткізу арқылы замандастарымызды мәдениетті болуға үндейміз. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Шаңырағымыз шаттыққа толсын десек, құндылықтарымызды қадірлей білейік», - дейді эстафета қатысушысы Ақниет Тұрдалы.