Абай облысының Бородулиха аудандық соты полиция қызметкеріне қарсылық көрсету ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Жезкент кентінде болған. Е. есімді ер адам мас күйінде анасымен бірге тұратын пәтерінде жанжал шығарған. Шақыру бойынша келген полиция қызметкері Б. ер адамға бөлімшеге баруды заңды түрде талап еткен. Алайда Е. оған қарсылық көрсетіп, бетіне бірнеше соққы жасап, формасын жыртқан.
Төбелес Жезкент кенттік полиция бөлімінің ғимараты алдында жалғасып, онда Е. тағы да қызметкерге қол жұмсап, жеңіл дене жарақатын салған.
Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Оның айыбын жәбірленушінің көрсетпелері, сот-медициналық сараптама қорытындылары, оқиға орнын қарау хаттамалары мен бейнабақылау жазбалары растады.
Сот Е-нің әрекетін Қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-бөлігі бойынша саралады. Бұл бап қызметтік міндетін атқарып жүрген билік өкіліне өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдануды қарастырады. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының жас балаларының барын, кінәсін мойындап, өкінгенін, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың қайталануы, тұрғылықты жері бойынша теріс мінездеме және жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілігі назарға алынды.
Нәтижесінде Е. кінәлі деп танылып 2 жылға бас бостандығынан айырылды.