Кардиолог жүрек ауруына шалдықтыратын үш кеселді атады

/
Кардиолог жүрек ауруына шалдықтыратын үш кеселді атады
istockphoto

Жүрек, қан тамырлары аурулары жас талғамайды. Бұрын ауруханада ересектер жатса, бүгінде 20-дан астам жігіттер де кардиологтардың көмегіне жүгінеді. Дамылсыз жұмыс, үнемі тұтынатын энергетикалық сусындардың кері әсері неге апарады? Kazinform тілшісі жүрек ауруына қатысты бірнеше сұрақтың жауабын Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы кардиология бөлімінің меңгерушісі Жанаргүл Бекжановадан сұрап білді. 

– Кейінгі кезде жүрегі сыр берген, қан қысымы тұрақсыз адамдар саны өсіп келеді деп жиі естіміз. Мұны «басына қан құйылыпты, инсульт алыпты, инфаркт болыпты» деп айтады көбіне. Шын мәнінде солай ма?

– Қазір Қазақстанда ғана емес, әлемде қан айналымы жүйесі ауруы көбейіп тұр. Өлім-жітім көрсеткіші бойынша өзге ауруға қарағанда бірінші орынға шыққан. Бұрын жасы келген адамдар ауырса, кейінгі кезде жасарып барады. Бұл инфаркт, қан қысымының жоғары болуы, бас-ми қан айналымы, жүректің ишемиялық ауруының бірнеше түрі. Ата-әжелеріміз емес, 40-50 жастағы адамдар да ауырады. Демек жұмысқа қабілетті адамдар дәрігер көмегіне жиі жүгінеді деген сөз. Себебі олар дәрігерге қаралмайды, демек диагноз да кеш қойылады. Инсульт, инфаркт алып, мүгедектер арбасына таңылып жатады. 

– Жастайынан осы дертке шалдығып жатса, оған не себеп? 

– Адам жыл сайын дәрігерге қаралуы керек. Дерт алғашқы белгілерінен-ақ анықталса, ем қонады. Кейбір адамдар жоғары қан қысымы бар екенін білсе де жылдар бойы кардиологқа қаралмайды, көк шай ішіп, спортпен шұғылданып жүре береді. Бұл жақсы. Егер адамның қан қысымы жоғары болса толыққанды тексеруден өтіп, оның негізгі себебін анықтап, дәрі-дәрмекті уақытылы ішіп жүруі керек.

Науқастардың тағы бір легі бар. Олар тексеріледі, бірақ дәрігердің айтқанын құлаққа ілмей, дәрі-дәрмекті уақытылы ішпейді, тамақтану режимін сақтамайды. Жастар «дәрі ішкім келмейді, жаспын, өмір бойы тәуелді болып жүремін бе» деп айтады. Ал кейбір адамдар тәуір болған соң дәріден бас тартады. Жастар, соның ішінде еңбеккерлер тынымсыз жұмыс істеп жүр. Тіпті 2-3 жұмыстың жүктемесін алады. Күндіз жұмыста жүріп, түнгі ауысымға қалады. Дұрыс демалмайды, ұйқысы бұзылған. Сөйтіп жүргенде көбі сергек болуы үшін энергетикалық сусындарды ішеді. Оның құрамында кофеин, таурин бар. Бәрі қан қысымын көтереді, жүрек қағысын жиілетеді. Рульде қалғып кетпеуі, жұмыста ұйықтап қалмауы үшін міне осы сусынды тұтынып, денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мәселен 28, 35, 38 жастағы ер азаматтар тахикардияға шалдығып келеді. Энергетикті неге ішетінін сұрағанда күздіз де, түнде жұмыс істейтінін, бәріне үлгеру үшін тұтынатынын айтады. Денсаулыққа, жүрекке күш бұл. Жүректің ишемиялық ауруын, тахикардияға душар етіп, инфарт алуы мүмкін.

Қазіргі кезде барлық емханада кардиолог жұмыс істейді. Медицинадағы жүйе бойынша алдымен терапевтке, кейін кардиологқа барады. Пациенттердің көбі ұзақ күтіп қалатынын айтып, шағымданады. Екі арада ауруханаға түсетін науқастар да бар. Бұл сұрақ оң шешімін табады деп ойлаймын. 

– Ерлер көп пе, әлде әйелдер жиі жүгіне ме? 

– Көбіне ер адамдардың жүрегі сыр беріп жатыр. Күйзеліске түседі, темекі шегеді, ішімдік ішеді. Мұның бәрі кері әсерін тигізеді. Арасында бірде-бір рет тексерілмеген, дәрігерге қаралмаған адамдар бар. Кеудесі қысқанымен, кейін ұмытылып кетіп, оқыс құлап қалады. Сонымен бірге жыл сайын медциналық тексеруден өтіп, өз-өзін күтетін адамдар кездеседі. Мұндай адам сирек. Дәрігерге қаралмаса да салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылданса деген тілек бар. Тамақ құрамына аса мән беріп, қажет болса диета ұстаған жөн. Майлы, қуырылған тағамдар зиян.

Науқастар облыстық көпсалалық ауруханасында, №1 қалалық ауруханада, М.Оспанов атындағы университет клиникасындағы кардиохирургия орталығында емделеді. Мәселен 29 жастағы жігіттің миына қан құйылып, инсульт бөліміне түсті. Дәл осы науқастың анасының да, әкесінің де қан қысымы жоғары болған екен. Демек тұқым қуалайтынын да ұмытпаған жөн. 

– Жүрегі сыр берген, қан қысымы көтерілген адам сол ауруды қалыпты ұстап тұру жолын үйренуі керек пе? 

– Иә, дәрігерге қаралу жолы мен дәрі қабылдау тәртібін өмірлік дағдыға кіргізу керек. Өмір дейін және кейін деп бөлінеді. Қайталанбауы, асқынып кетпеуі үшін өзгереді, өзгеруге тура келеді. Кейде адамдар немқұрайлылық танытады. Ауруханада ем қабылдайды, кейін өзін жақсы сезінеді. Дәрі-дәрмекті уақытылы ішпейді, тамақтану тәртібін сақтамайды. Арада 2-3 күн өткенде қайта ауруханаға түседі. Жүректің оң жақ қарыншасын емдеп кеткен адам, сол жақ қарыншасы сыр беріп қайта түскенде бұрынғы әдетіне басқанын білдік. Екінші рет түссе, емдеу де ұзаққа созылады. 

– Айлап жатып, ем қабылдайтындар бола ма? 

– Инсульт алған адамдар айлап жатып, ем қабылдайды. Ол бар. Ал кардиология бөлімінде жүрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан науқас ұзақ емделеді. Тағы бір айта кетерлігі, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекті уақытылы ішу маңызды. Кейбір адамдар халық еміне жүгініп, сүлік те салдырып жүреді. Сонымен бірге есепте тұрса да дәрі-дәрмек алмайды, жеке клиникаларға барады. Емханаға барып, қаралып, берген дәрі-дәрмегін алатын адамдар кейде оны ішпейді, шетелден тапсырыс беріп алады, балалары беріп жібереді. Тіпті БАД ішеді.

Таяуда ғана инфаркт алған әйел түсті. Ол желілік бизнестен БАД алып ішкен екен. Соңғы кездері мен жалғыз тұратын адамдардың ауруханаға көп түсетінін байқап жүрмін. Себебін түсінбедім. Кейде оларды көршілері біліп, көмек сұрап жатады. 

– Ақтөбенің материалдық-техникалық базасына тоқталсақ... Облыс ортағындағы, аудандардағы жағдай қандай? 

– Облыстық көпсалалық ауруханасында, №1 қалалық ауруханада, М.Оспанов атындағы университет клиникасындағы кардиохирургия орталығы. Үш емдеу орны осы. Облыстық көпсалалық ауруханасында кардиология бөлімі бар. Бөлімде аритмология саласы дамып келеді.

Тек жүрек қағысы өзгерген науқастарға жәрдем береді. Себебі бұдан адам лезде көз жұмуы мүмкін. Мұнда аппарат та қойылады. Әскерилерді де, жүкті әйелдерді де қарап, көмек көрсетеміз. Ал М.Оспанов атындағы университет клиникасындағы кардиохирургия орталығында жүрекке ашық ота жасалады. №1 қалалық ауруханада да кардиология бөлімі жұмыс істеп тұр.

Үшеуі де кезекшілікпен шұғыл көмек көрсетеді. Ал ауданда кардиологтар бар, ангиограф аппараты жоқ. Бәрін орталыққа тасымалдайды. 

– Бұл дертке шалдыққандарға ауа райы да, тіпті аурухана да кейде кері әсер етеді деп жатады. Рас па? 

– Жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан адамдарға ауа райы расымен де әсер ететі. Бұлтты күні қан қысымы көтеріледі немесе түседі, кеудесі қысады. Сонымен бірге «ақ халат» синдромы бар науқастар кездеседі. «Дәрігер көрсем қалтырып-дірілдеп, мазам кетеді» дейтін науқастарымызға психологтар көмектеседі. 

– Жүрек ауруының, қан қысымы дертінің алғашқы белгілерін айтып берсеңіз... 

– Кеудесі қысқан, удай ашыған кезде бірден жедел жәрдем шақыру керек. Негізі адам тез шаршап қалса, баспалдақтан көтерілгенде ентіксе, тершең болса, дәрігерге қаралыңыз. Бір күн ауырып, екінші күні мазаламаса да дәрігерге қаралу міндет. Егер жұмыс істесеңіз, медициналық тексеруден өтіңіз. Ал егер жеке кәсіпкер болса, қан анализін тапсырып, кардиограммаға түседі, УЗД жасатады. Өзіне немқұрайлы қарайтын кей адам рентгенге де түспейді. Бұл дұрыс емес. Жарты жылда облыстық көпсалалы ауруханасына 780-ден астам науқас түсіп, емделді.

Созылмалы дертке шалдыққандар жиі келеді. Бізде әлде де ақпараттық жұмысты жалғастыру керек. Ұжымға барып та айтса, артық емес. Қалада қазір спорт алаңдары көбейіп келеді. Кейде бос тұрса, көңілге алып қаламыз. Адамдар сол мүмкіндікті пайдаланып, спортпен шұғылданса дейміз. Сонымен бірге жүруге, жүруге айналған алаңдар керек-ақ. Қазір 10 мың қадам деген тренд шықты. Жас та, кәрі де соны ұстанады. Инфрақұрылымның да сұранысқа сай өзгеріп отырғанын қалаймыз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары