Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп, «Қаламгер ұстаханасы» атты жаңа жобаны қолға алғаны белгілі. SINTEZ театрында өткен кездесулерге зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, журналистер және жазушы шығармаларын сүйіп оқитын студенттер жиі қатысып келеді. Жобаның кезекті қонағы белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтай «Құлазу – жан дүние мен шығармашылық кілті» атты тақырыпта лекция оқыды. Қаламгердің көпшілік алдында айтқан әңгімесін газет оқырмандарына ықшамдап ұсынып отырмыз.
Жоғалған жазбалар
Менің бүгінгі оқығалы отырған лекция тақырыбым – «Құлазу – жан дүние мен шығармашылық кілті». Неліктен «құлазу»? Жеті өнердің кез келгенінде жүрген өнер адамдарының барлығына тән қасиет. Тіпті, жалпы адамзатқа тән қасиет дер едім. Себебі бұл құлазусыз ешқандай өнер тумақ емес. Адам неге құлазиды? Адам – жалғыздықтан құлазиды. Кез келген адам көптің ортасында жүрсе де жалғыздық кешеді. Ал шығармашыл адамдар өзінің шығармасының алдында – жалғыз. Менің шығармашылығымның өзегі де – осы. Менің қолыма алғаш қалам алған кезім 1976 жылдан бастау алды. Алтыншы сынып оқып жүрген кезімде сыныптас қыздарға өлең жазатынмын. 1978 жылы біз басқа ауылға, яғни Шірікаяққа көштік. Күршім ауданының екінші жағында еді. Менің «Альпинист» деген әңгімем бар, сол атақты Құзғынды, өр Алтайдың биігі жөнінде. Әкем сол ауылда жерленген. Сол мекенде менің алғаш прозалық шығармаларым туды. Соның бірі «Қызбейіт» деген әңгімем еді. Ол әңгімемнің кезінде қолжазбасы жоғалып, бертінде Алмас деген інімнің үйіндегі ескі сандықтың түбінен табылды. Өмірімде екі рет жазған шығармам осы – «Қызбейіт». Жүрегімді балалық шағымнан бері тербеген дүние болғандықтан, сол туындымды екінші рет жазып шықтым. Өзі шағын ғана әңгіме, менің «Казино», «Киллер Сауысқан» әңгімелер жинағыма еніп жүрген сол екінші нұсқасы. Ал енді бірінші нұсқасы 1978 жылы жазылған болатын. Кейіннен қолжазба табылғанда байқап қарасам, екеуінің айырмашылығы шамалы екен. Сол сюжет, сол суреттеулер. Әрине, 1978 бен 1984 жыл арасында айырмашылық жоқ емес, бар. Арада алты жыл өткен. Мен ол кезде енді институтты бітірген кезім. Сондықтан сөз саптауымда ғана сәл өзгешеліктер болмаса, негізгі сюжет желісі біреу еді. Сол жетпіс тоғыздың көктемінде, әлі күнге дейін есімде, «Біз әлі кездесеміз» деген роман бастап, отыз беттен астам жазып едім. Алғашқы тараудың бірінші, екінші бөлімдері еді. Ол өзімнің кластастарым туралы болатын. Өкінішке қарай, біз Алматыға көштік те, сол кезде қолжазба жоғалып кетті. Қайтадан қайтып қолыма алмадым. Мен өмірімде бірнеше рет қолжазба жоғалттым. Біреуі «Біз әлі кездесеміз» деген балалық әсермен жазамын деген роман болса, екіншісі «Көз» деген әңгімем еді. Үшінші курс оқып жүрген кезде бір қыз балаға ғашық болдым. Атын айтпай-ақ қояйын. Ғажап сұлу қыз еді. Екеуміздің бір-бірімізге сезіміміз болды. Ол мектепте оқыды. Біз мектептерге практикадан өту үшін дәріс оқитынбыз. Мен Алматы мектебінің бірінде оған сабақ бердім. Сонда мен сол қыздың көзіне ғашық болдым. Екінші ерекшелігі ернінің маңайында меңі болды. Осы екі ерекше сұлулығы маған «Көз» деген әңгіме жазғызды. Сол әңгімені Қайрат Әлімбеков сұратқасын «Жас Алашқа» қолжазбасын апарып бердім. Бауыржан Омаров, Қыдырбек Рысбеков сынды жігіттер куә. Неге екенін білмедім, кейіннен сол әңгімем шықпай қалды. Ал мен тек түпнұсқасын апарып бергенмін, көшірмесі жоқ еді. Сол әңгімем сол күйі жоғалды. Үшінші жоғалтқаным және ең ауыр тигені – «Алтайдың алқызыл модағайы» еді. Ол кезде торкөз дәптерге жазатынмын. Өзі 96 бет болатын. Жол тастамай сол дәптерді толтырдым. Бұл шығармамның тең жартысы сол дәптермен бірге жоғалды. Бұл былай болды. Қаржы министрлігінің «Қаржы-қаражат» журналында қазақтың аруақты жазушысы Әкім ағамызбен бірге қызмет істедім. Ағамыздың орынбасары болдым. Мені тәрбиелеген адамдардың бірі – осы Әкім аға Тарази. Ол кісі өзінен кейінгі інілерге ғана емес, өзінен бұрынғыларға да тәрбиеші бола білген зиялы азамат еді. Ағадан көп нәрсені үйрендім, әсіресе сабырлығын меңгердім. Сонда қызмет істеп жүргенімде Нағима деген хатшы қызға қолжазбамды теруге беріп, өзім іс-саапарға кеткен болатынмын. Келсем қыз менің қолжазбамды жоғалтыпты. Қатты налыдым, қиын болды. Арада төрт-бес айдай уақыт өткенде таң алдында түсіме әкем кірді. Ол кезде жаңадан үйленген кезім. Үш бөлмелі үйде тұратынбыз. Түсімде әкем үйге кіріп тұр, бірақ жарты денесімен ғана қырынан кірді. Дүниеден өтіп кеткеннен соң солайша жарты қырынан көрініп тұр деп ойладым. Сонда әкем: «Неге жатырсың, ана шаруаңды бітірмейсің бе?» деп қатулы көзбен қарап, бұрылып кетіп қалды. Оянып, жарыма жеті шелпек пісіртіп, жұмысқа келдім, мазам болмады. Жұмыстан сұранып кеттім. Үйге келіп ас ішіп алып, түс қайта романды жазуға отырдым. Бүкіл роман есіме қайта оралды. Фотографиялық жад деген бар ғой, дәл сол секілді бұрынғы жазған жазбаларым түгел есіме орала берді. Бір отырғанда романның кіріспе бөлімін бітірдім. Түнгі сағат екіге дейін отырдым сонда. Осылайша, бір романды түгел қайта жазып шықтым. Міне, өмірімде үш түрлі жоғалтуды бастан кештім. Осыдан кейін қолжзабамның түпнұсқасын емес, тек көшірмесін ғана беретін болдым. Жалпы 2017 жылға дейін, «Таганка» деген әңгімеме дейін барлық шығармаларымды қолмен жазатынмын. Кейіннен компьютермен жазатын болдым.
«Альпинист» пен «Қызыл бөлтірік» қалай жазылды?
Енді «Альпинист» деген әңгімем туралы айтайын. Күршім ауданында Құзғынды деген керемет шың бар. Басын қар-мұз басып жатқан, Мұзтау секілді, қасқырдың азу тісі сықылды шың. Шыңның басын тек барыс мекендейтін, адам баласы шыға алмайтын сол шыңның етегінде Зәйтүн деген орманшы нағашымыз тұрды. Алтайдың Қаражал өңірінде, Қызбейіт жайлауының ар жағында Жүндіқарағай, Бесқарағай дейтін жерлер бар. Ол жерде қарағайдың қалыңдығы сондай, жүн секілді бітесіп өседі. Ит тұмсығы батпайтын ормандарды сонда көрдім. Мұндай орманға аю кіре алмайды. Сонда сол Жүндіқарағайда отырған кезімізде Зәйтүн ақсақал көк ат мініп келді. Қасында бір-екі жігіт бар. Көк аттың сауырын жауып, құйрығы шұбатылып барыстың терісі жатты. Сол жолы барыс терісін алғаш көрдім. Сосын әкеме: «Әке, барысты көргім келеді, маған көрсетші» деп әкеме қолқа салдым. «Барысты көргің келсе, нағашың отыр», деп Зәйтүн ағамды нұсқады. Сонда ағамыз: «Ойпыр-ай, сен шынымен барысты көргің келе ме?» деп нақтылап сұрады. «Иә, шын көргім келеді» дедім. «Онда алып барамын, күзге қарай қыркүйек туғанда Құзғындыға барамыз» деді. Күзде атпен Құзғындыға бардық. Сол кезде тірі барысты дүрбімен көрдім. Ал кейін 1978 жылы қара күзде Сарытауда, Марқакөлдің үстінде жылқы түсетін кезде екінші рет жақыннан көрдім барысты. Міне, сол бала кезден көрген-білгенімнің бәрі менің шығармашылығыма көп әсер етті. Кейіннен туған жерім түсіме кіретін болды. Сол Әкім ағамен жұмыс істеп жүрген кезімде бір қызық жағдай болды. Түсіме Құзғынды кірді. Оянсам ұлым: «Құзғынды құздары, қарағай ұлдары, қайыңдай қыздары» деп жүгіріп жүр екен. Сөйтсем, ауылдан бір азамат келген екен. Аты есіме түспей тұр. Сол осылай өлең жазып, ұлыма үйретіпті. Сол сәт ерекше әсер етті. Содан отыра салып «Альпинист» атты әңгіме жазуға кірістім. Көлемі шағын болғанымен бес-алты күн отырып жаздым. Кейін Сайлау деген жігіт: «Асеке, «Альпинистті» қайта-қайта оқимын. Басқа шығараларыңыз бір төбе болса, мен үшін «Альпинист» бір төбе. Мен өзім журналист болғандықтан, альпинистердің тағдырына қатысты көп нәрсе оқыдым. Бірақ сіз альпинист болмасаңыз да қалайша альпинист тағдырын дәлме-дәл суреттедіңіз?» деп сұрады. Мен: «Құзғындыға ерекше сағыныш осылай жаздырды», – дедім. Жазуыма Мақсұт Жұмаев деген Оралдың жігіті де себеп болды. Қазақтың кәсіби альпинистер қоғамының басшысы қазір. Жарым «Қайнар» университетінде жұмыс істеп жүрген кезінде «қазақ тілін үйренем» деп лекция тыңдапты. Жарым бұл жігіт туралы үйге айтып келді. Бауыржан Омаров «Хабар» агенттігінде істеп жүрген кезі болса керек, сол жігіттен сұхбат алды. Соның сұхбатын тыңдадым. Сол маған қатты әсер етті. «Альпинист» солай туды. Кейде шығармалар осылай да туып жатады.
Ал «Қызыл бөлтірік» бар-жоғы жиырма бір жасымда жазылған повесть. Сіздерге өтірік, маған шын, 15 күнде жазылды. Өйткені жүрегімді тербеген дүние еді. Өзім бала кезімнен бөлтірік ауладым. Қасқырдың апанына талай түсіп, бөлтіріктерді алып шығып, бір тірсегін ғана қиып қалдырып кетуші едік. Қауқай, Нұрғали, Буратай деген күйші әрі аңшы аталарымыз болды, солармен бірге еріп жүрдім. Бұл үшінші сыныпты бітірген кезім еді. Сондықтан да табиғатқа, аңға, аңшылыққа байланысты нәрселер менің санамды жиі қозғайды. Меніңше, балалық шақтағы әсер жазушы үшін мәңгілік сусынын қандыратын суаты сияқты. Әсіресе, үлкен дүниелер, мысалы роман жазар кезде бұл дүниелер адамға ерекше әсер етеді. Мысалы, «Түсік», «Кентавр» деген әңгімем кішкентай бір детальден ғана туындап кетті. Ал енді үлкен шығармалар тудырар кезде, айталық, роман жазар кезде адамның ішкі болмысы қатты рөл ойнайды. Ішкі болмысың қаншалықты қуатты, қаншалықты терең болса, жазар дүниең де сондай болмақ. Алтай балладасы – «Алтайдың алқызыл модағайын» отыз жасымда жаздым. Кейін айналып қайта жазуға тура келді. Сонда сол шығармада менің бала кезден келе жатқан ішкі болмысым, жан-рухым суреттеледі. Соңғы жазған романым – «Былғары табыт» та солай. «Қаладағы құтпандар», «Қарабура» секілді дүниелерім жалт еткен сәттен туындап кетті десем болады. «Қарабурадағы» Ескендір деген шалды мен өз көзіммен көрдім. Соңғы түйесі – бурасы болған адам еді. Соның бурасын көрдім. Содан туған шығарма еді. «Қаладағы құтпандар» «Жұлдыз» журналында істеп жүрген кезімде, 90-жылдары көктемде жазылды. Алматыдағы Саяхат автобекетінде жүрген кезімде бекет маңындағы аллеяда бес ит бір-бірін қуалап, ойнақ салып жүрді. Соған ұзақ қарап отырып қалдым. Сол шығармам солай туған еді.
Үлкен шығармаларға үлкен дайындық керек
Жаңа үлкен шығармалар, роман деп қалдық қой. Енді осы тақырыпқа келсек. Роман жазуға келген кезде, қалай болғанда да тәжірибе бірінші орынға шығады. Мысалы, адам жастай бірден роман жазуы мүмкін. Бірақ тәжірибе жетіспегендіктен роман олпы-солпы, әлсіз жақтары көп болуы мүмкін. Сондықтан да кез келген жазушы алғашында әңгімеден, повесттен бастап, кейін үлкен романға келеді. Жалпы, нағыз жазушылар, орыс жазушыларын, әлем жазушыларын қарасаңыз да, тіпті әңгіме жазумен аты шыққан Ги де Мопассанның «Өмір» романын немесе «Пушка» повесін қарасаңыз да, ол да солай келген. Бірден жазбаған, бірден жазған бірен-саран жазушы бар. Мысалы, Михаил Шолохов деген орыстың ұлы жазушысы. Енді ол казак деп айтылады. Орыстың жазушысы атанып кетті. Сол мысалы «Тынық Донды» жиырма бір жасынан бастап жазған дейді. Десе де, «Тынық Дон» секілді дүниені қайтадан тудыра алмаған. Ол өзі Дон бойындағы соғыстарға қатысқан адам. Большевизм мен оның алдындағы патша үкіметі кезіндегі жағдайды өте жақсы білген. Өзі бастан кешкен. Оның атақты «Қал» деген әңгімесін білесіздер. Сондықтан да Шолохов «Тынық Донға» дайындықпен келген. «Севастопольские рассказын» Толстой қалай жазса, «Донские рассказын» Шолохов цикльдерін жазып барып, «Тынық Донға» келген адам. Оның романға келуге дейінгі үлкен тәжірибесі болды және оның алдында үлкен орыс мектебі тұрды. Ал енді біздің қазіргі жазушылардың алдында үлкен мектеп тұр. Бүкіл қазақ әдебиеті тұр. Егер тереңдеп оқыса, қалай жазу керек екенін біледі. Университеттерде қазақ әдебиеті үстірт беріледі. Шығармашылықтың ішкі лабораториясына кіре алмайды. Мысалы, Горький атындағы Әдебиет институтында біз оқыған жоқпыз. Бірақ оқып келген жігіттердің айтуына қарағанда, сол жердегі профессорлар лекциямен ғана шектеліп қалмайды. Олар жазушының жеке лабораториясындағы жағдайларға да кеңірек тоқталады. Кез келген көркем шығармада кейіпкер, кейіпкердің болмысы деген болады. Кейіпкердің болмысы жазушының болмысына қатысты дүние емес. Негізінен, осыны шатастырмау керек. Бізде көп нәрсе осыны шатастырудан туады. Мысалы, аю туралы жазып отырған сәтте сіз аюдың болмысына кіріп кетесіз. Жазушы оны өзі де білмей қалады. Оны саналы емес, бейсаналы түрде жасайды. Санаңның бір түпкірлерінде бірнәрсе оянып кетеді. Түйсікпен келеді. Бірде Қалихан Ысқақ ағам менің романымды бірінші журналда шыққан кезінде оқыған ғой. Кейін «Сенің ана романың шықты ғой, кітабыңды берші», деді. Бердім. Содан кейін бір жолы хабарласып үйіне шақырды. Бардым. Әңгімелесіп отырған кезде: «Асқар, мен ғұмыр бойы осындай роман армандап едім. Алтайдың осылай табиғатымен қоса жан-жануардың, адамның болмысын, ішкі жан дүниесін беретіндей романды армандадым. Сен мына аюдың психологиясына дендей еніпсің, аю тақырыбына қалай бардың?», – деді. Мен: «Аға, аңшы болдым. Жалпы, аюды жиырма, отыз метр жерден көрген кездерім болды», дедім. Бала кезімнен аң, құстың арасында өстім. Қалағаның байқап отырғаны шындық. Қаламгер мына жайды жазайын деп жазбайды, жазып отырған кезде сіз соны сезінбей де қаласыз. «Болмысына кіру керек» деп отырғаным сол. Сондықтан да жаңағы кейіпкер болмысы, автор болмысы деген екеуінде бір табиғи ғарыштық байланыс болса керек. Әсіресе, қолына қалам алған адам шығармашылық мәселесіне келген кезде жазамын деген дүниені бүге-шігесіне дейін өзінің ішкі жан дүниесінен, сана сүзгісінен, жүрегінен өткізу керек. Сондай жағдайда ғана туынды табиғи, ешқандай күмәнсіз шығады деп ойлаймын.
Мен жалпы өз жүрегімнен өтпеген дүниелерге қалам сілтеп те әуре болмаймын. Өмірімде бір-ақ рет бір тапсырыспен жазылған әңгімем болды. «Түсік» деген әңгіме. Жұртқа, әсіресе мына жастарға ұнап жүр. Кейбір үлкен ағаларымызға ұнамай да қалды. Нұртөре Жүсіптің «Жас Алашқа» Бас редактор болып келе қалған кезі еді. Маған хабарласты. «Асеке, сен қазір жұмыстың бәрін таста. Таңертең біздің қолымызға біз айтқан тақырыпта әңгіме жазып алып келесің» деді. «Нұреке, мен ондай адам емеспін ғой. Журналист деп ойлайсың-ау» деп бас тарттым. Сол кезде Нұрекең: «Асеке, мен өтініп сұрап тұрмын. Өйткені үш адамды белгіледік, үлкен, орта және жас буыннан» деді. Ол кезде менің жас кезім. «Сені жас буыннан белгілеп отырмыз. Бір бет жазсаң да, әкеп берші бізге», – деді. Содан мен түнімен осы «Түсік» деген әңгіме жазып шықтым. Алдыңғы екі буыннан Қалихан Ысқақ ағам мен Жанат Ахмади деген жазушы таңдалған екен. Екеуі де марқұм болып кетті ғой. Сол кезде үшіншісі мен болыппын. Сөйтіп, «Жас Алаш» газетінде үшеуін де жариялады. «Түсік» деген әңгіме солай туып еді.
Әзірлеген
Наурызбек САРША