Дамығың келсе – көбей

Дамығың келсе – көбей

Әлем елдерінің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін бағалағанда, демографиялық көрсеткіштің шешуші маңызы бар екені айқын көрінеді. Халық саны артқан мемлекеттер – жас, еңбекке бейім, нарығы кең елдер саналады. Ал керісінше, халық азайып, қартаюға бет алған елдер экономикалық өсімді көбіне миграция есебінен ғана сақтап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында демографиялық мәселеге арнайы тоқталып, осы салаға жауапты ведомство құрылатынын жариялады.

Халық өсімі – стратегиялық ресурс

Бұған дейін елімізде демографиялық сая­сатқа Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жауап беріп келген-ді. Енді Пре­зидентке тікелей бағынышты Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігінің ба­засында Демографиялық үдерістерді тал­дау және болжау орталығы құрылады.
Бұл қадамның астарында халық саны­ның өсімі мен қозғалысын, еңбек нары­ғын­дағы өзгерісті терең зерттеп, Үкіметке дер кезінде ғылыми негізі бар ұсыныстар беру қажеттілігі жатыр. Мұндай дерексіз әлеу­меттік-экономикалық саясатты жос­парлау мүмкін емес. Мәселен, елдің саяси орталығы – Астананың өзінде демогра­фия­лық өсім мен ішкі көші-қон инф­ра­құры­лым­ға үлкен қысым түсірді. Бүгінде мек­тептер мен балабақшаларда орын тап­шы­лығы сезіліп, емханаларда ұзын-сонар ке­зек қалыптасты. Үш ауысымды мектеп­тер­дің пайда болуы – осының айқын дәлелі.
Қазір елде бала туу коэффициенті 3,0 дең­гейінде сақталып келеді. Алайда бұл көр­сеткіштің негізін 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында дүниеге келген әйел­дер қамтамасыз етуде. Ал 2000-2005 жыл­дардан кейін туған жас аналардың көп­балалы болуға қаншалықты дайын еке­ні – уақыттың еншісіндегі сұрақ.
Бұл сөзімізді әлеуметтанушы Айнұр Анар­бекова қуаттап: «Қазақстандағы жас­тар­дың отбасылық құндылыққа деген көз­қарасы өзгеруде. Бүгінгі жас буын көбіне екі баламен шектелуді қалыпты санайды», – деді. 
Жалпы, халық санының табиғи түрде сақталуы үшін ең төменгі деңгей – бір әйел­ге шаққанда кемі 2,1 бала туу. Себебі бір 
бала – ата-ананы алмастырады, екінші 
бала – халықтың сақталуына ықпал етеді, «0,1» қосымша – нәресте өлім-жітімі, бе­деу­лік өзге де факторды жабу үшін есептеледі. Егер туу коэффициенті осы деңгейден тө­мен түссе, халықтың қартаюы мен азаюы басталады.
Мәселен, Еуропа елдерінде қазіргі көр­сет­кіш 1,2-1,6 деңгейінде. Соның салдары­нан қарттар үлесі артып, еңбекке қабілетті адамдардың саны азаюда. Италияда 2004 жылы 58 миллион халық болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 59 миллионға жетті. Жиыр­ма жылдағы өсім – бар-жоғы 1 мил­лион. Бала туу коэффициенті – 1,2. Осыдан жиыр­ма жыл бұрын орташа жас 42 болса, бү­гінде 47-ге көтерілді. Осы жылдары Ис­пания 4 миллионға көбейгенімен, туу коэф­фициенті 1,3 деңгейінде. Германияда бұл көрсеткіш 1,5, орташа жас – 45-46. Қа­зір Еуропа елдері халық өсімін негізінен Аф­рика мен Таяу Шығыстан келген мигра­циялық ағым есебінен қамтамасыз етіп отыр.
Бұл проблема Азияға да тән. Әлем бойын­ша туу деңгейі ең төмен ел – Оң­түс­тік Корея. 2004 жылы мұнда 48 миллион ха­лық болса, 2024 жылы 51 миллионға жет­ті. Бірақ осы аралықта туу коэф­фициен­ті 1,2-ден 0,7-ге төмендеді. Орташа жас 35-тен 44-ке ұлғайды. 
Жапония мен Қытай да қартаю үдерісі жыл­дам жүріп жатқан елдер қатарына кіре­ді. Жапония билігі «Жаңа туғандарға ұлт­тық инвестиция» бағдарламасын қа­былдап, 2030 жылға қарай туу коэф­фициен­тін 1,6-1,7-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Қытай «Бір бала» саясатын жойып, туу көрсеткішін көтеруді ұлттық стратегия деңгейіне шығарды. Мақсат – 2035 жылға қарай халықтың қартаюын баяулату және еңбек ресурсын жеткілікті деңгейде сақтау.

Дамудың діңгегі

Мемлекеттің ұзақмерзімді даму стра­тегия­сы ең алдымен демографиялық үде­ріс­терді жан-жақты және дәл есепке алудан бас­талатыны даусыз. Бүгінде демография – тек әлеуметтік көрсеткіш қана емес, елдің бә­секеге қабілеттілігінің негізгі факторы.
Соңғы жиырма жылда әлемде жаңа геосаяси шындық қалыптасты. Оның басты белгісі – халық санының қарқынды өсуі. Ресми статистикаға сүйенсек, 2005 жылдан бері Үндістан халқы 290 миллионға, Ни­герия – 89 миллионға, Пәкістан – 85 мил­лионға артты. Эфиопия, Египет, Филиппин және Бангладеште демографиялық тұрғыда айтарлықтай өсім байқалды.
Әлемдік сарапшылардың пікірінше, бүгінде халқы 174 миллионнан асқан Бан­гла­деш алдағы онжылдықта қарқынды да­мушы елдердің қатарына қосылады. Бұл – адам капиталының ұлттық дамудағы ше­шуші рөлін дәлелдейтін айқын мысал.
ХХІ ғасырда адам капиталы – жаңа дәуір­дің басты байлығы саналады. Демогра­фиялық өсімнің экономикаға ықпалы нақ­ты.
Біріншіден, жұмыс күші көбейеді. Ха­лық саны артқан сайын еңбекке қабілетті жастардың үлесі өсіп, өндіріс, ауыл шаруа­шылығы, қызмет көрсету саласында жаңа мүмкіндік ашылады. 
Екіншіден, ішкі нарық кеңейеді. Халық көп болса, тауар мен қызметке сұраныс ар­­­­тады. 
Үшіншіден, салық базасы артады. Жұмыс істейтін адамдар көбейген сайын бюд­жет кірісі ұлғайып, әлеуметтік және инфра­құрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі кеңейеді.
Төртіншіден, инновация мен кәсіп­кер­лік дамиды. 
Бесіншіден, бәсекелестік күшейеді. Бұл са­паны арттырады, жаңа кәсіп пен техно­ло­гиялардың дамуына серпін береді. Мәсе­лен, Қытайда жыл сайын миллионнан ас­там өнертабыс патенттеледі. Бұл – елдің ин­новациялық дамуына оң әсер етеді.
Алтыншыдан, халық санының өсуі мем­лекеттің саяси салмағын арттырады. Ха­лық саны көп мемлекет халықаралық аре­нада ықпалын күшейтіп, аймақтық қа­на емес, жаһандық деңгейде де маңызды ойыншыға айналады. Мысалы, бүгінде Ни­герия Африка құрлығында, Пәкістан Оңтүстік Азияда аймақтық держава ретінде танылып отыр. 
Соңғысы, ұлттық қауіпсіздік нығаяды. 
Осы ретте, саясаттанушы Әзімбай Ғали­дың «Халық саны – тек статистикалық көр­сеткіш емес, ол – мемлекеттің саяси сал­мағы мен геосаяси мүмкіндігінің басты көзі. Халық көбейген сайын елдің аймақ­тық және жаһандық деңгейдегі ықпалы да арта түседі» деген ойы еске түседі.

Орталық Азия тәжірибесі

Орталық Азия елдеріне назар аударсақ, соң­ғы 30 жылда Тәжікстан халқы 98 пайыз­ға, Түрікменстан – 85, Өзбекстан – 77 пайызға, Қырғыз Республикасы – 64 пайыз­ға көбейді. Қазақстандағы өсім не­бәрі 22 пайыз деңгейінде ғана.
Нақтырақ айтсақ, Өзбекстанда 1990 жыл­дары 20,8 миллион халық болса, бү­гін­де 36,8 миллионға жетті. Яғни, өсім – 16 миллион. Тәжікстан халқы 5,3 миллионнан 10,5 миллионға көбейді. Қырғыз Рес­пуб­ли­касы – 4,4 миллионнан 7,2 миллионға, Түрік­менстан – 3,5 миллионнан 6,5 миллион­ға артты.
Яғни, көрші елдердің халқы екі есеге жуық ұлғайды. Ал Қазақстанда Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында 16,5 миллион бол­са, қазір 20,1 миллионға ғана жетті. Бұл жағ­дайға көші-қон да ықпал еткені анық. Де­генмен елде демографиялық үдерістің баяу жүргенін мойындауымыз керек.
Себебі айқын: Өзбекстан мен Тәжік­стан­да туу көрсеткіші жоғары, ал Қазақ­стан­да урбанизация, әйелдердің еңбекке ара­ласуы және әлеуметтік-психологиялық фак­тор туылымды тежеп отыр. Ең басты-сы – бізде демографиялық саясатты үйлес­тіре­тін бірыңғай мемлекеттік органның болмауы.
Бұл – біз үшін үлкен сабақ. Өйткені де­мография – жай ғана статистика емес, ұлт­тық қауіпсіздік пен болашақ дамудың дің­гегі. Осы тұрғыдан алғанда, Стра­те­гия­лық жоспарлау және реформалар агент­тігі­нің базасында Демографиялық үдерістерді тал­дау және болжау орталығын құру бас­тамасы – дер кезінде көтерілген маңызды шешім.
Жасанды интеллект технологиясын қол­данатын мұндай орталық демография­лық үрдісті дәл болжауға, мемлекеттік сая­сатты ғылыми негіздеуге жол ашады. Сон­дай-ақ халықтың көші-қон, туу және өлім-жітім динамикасын талдаумен қатар, еңбек нарығындағы сұранысты анықтауға, зей­нетақы жүйесіне ұзақмерзімді болжам жа­сауға, аймақтардағы инфрақұрылымдық қа­жеттілікті болжауға мүмкіндік береді.

P.S. 

«Дамығың келсе – көбей» қағидасы – кез келген мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының негізгі шарты. Өйткені демография – экономикалық өркендеудің діңгегі әрі ұлттық қауіпсіздіктің берік тірегі. Сондықтан Қазақстан үшін халық санының тұрақты өсімін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары