Сенбі күні Алматы облысы Іле ауданы, Күрті селолық округі аумағына қарасты Қараеспе деген жерде Гиннестің рекордтар жобасы аясында «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені-2025» іс-шарасы өтті. Оған 5 мыңға жуық адам қатысты.
Рекорд қарсаңында
Биыл Наурыз мейрамында Ақтауда 5 мың адам ұлттық киім киіп, Гиннестің рекордтар кітабына енгені мәлім. Оны маркетолог, қоғам белсендісі Әсемгүл Адамбай ұйымдастырған болатын.
Осы іс-шара белгілі кәсіпкер, «Дәулет-Бекет» ЖШС құрылтайшысы Сыдық Дәулетовтің назарын аударады. Расында да, қазақтың ұлттық киімімен қоса, мал шаруашылығын, оның ішінде түйе шаруашылығын неге насихаттамасқа?!
Бұл идея Әсемгүлге де қатты ұнапты. Сосын ол Гиннес рекордтар жобасы бас кеңсесіне хабарласқанда олар да ерекше қызығушылық танытыпты. Әлқисса, сонымен 18-сәуір күні бір мезгілде көп түйе сауынын көрсету туралы ұсыныс жасалады. Бұл негізсіз емес еді. Сыдық Дәулетов – Қазақстанда ғана емес, күллі әлем бойынша ең көп түйе сауып, оны құрғақ сүтке айналдырып, экспорттап отырған ірі кәсіпкер. Оның үстіне бір қолда 5 мың түйе ұстап отырған адам да әлемде көп емес. Жалпы, түйенің саны жөнінен жер бетінде Сыдық Дәулетовтің алдына түсетін бір ғана адам бар. Оның үстіне «Дәулет-Бекет» ЖШС – түйе сауғанда әуелі ботасын жіберіп, идіріп алып, содан кейін ғана сауады. Түйелер қолмен де, аппаратпен де сауылады. Түйе сауылып біткен соң, ботасы түйенің бауырына қайта жіберіледі. Яғни, қазір көп айтылатын күйзеліс деген мәселе мұнда болмайды. Экологиялық таза өнім алынады. Ал ол тұтынушы үшін өте маңызды мәселе екені мәлім. Оның үстіне қазақтың түйе сауу мәдениетін әлемге көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?
Ұйымдастырушылар, міне, осыны мақсат тұтқан. Алайда Гиннестің рекордтар жобасы мұны құптай қоймапты. Олар басқаша ұсыныс жасаған: «Қазақстан – байтақ ел. Кезінде Ұлы Жібек жолы осы сайын дала арқылы өткен. Ендеше, неге әлемдегі ең ірі түйе керуенін өткізбеске?!».
Мұндай керуен рекорды 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын. Ол кезде 365 түйе қатыстырылған болатын. «Дәулет-Бекет» ЖШС керуенге 1 мың түйе қосуды жөн деп тапты.
Екі жақ келіскеннен кейін сәуір, мамыр, маусым айларында осы керуенді өткізудің ережесі жасалыпты. Бірінші шарт – әрбір түйенің өзінің төлқұжаты болуы керек. Онда ол түйенің жасы, жынысы, денсаулығы туралы анықтама ағылшын тілінде көрсетілуі керек. Әр түйенің аты болуы қажет. Түйе «Дәулет – Бекет» ЖШС-ына тиесілі болуы керек. Яғни, басқа жақтан түйе әкеліп қосуға болмайды. Түйе 7 жастан асқан болуы керек.
Сонымен үш айда 1 мың түйеге ат қойылып, құжаттары тастай етіп, әзірленген соң 18 маусымда алғашқы рет бейнебайланысқа шығып, ереже тағы бір пысықталды. «Дәулет-Бекет» ЖШС бұл кезде керуенді жабдықтауға кірісіп кеткен болатын. Керуен десе, қазақтың бұрынғы көш салтанаты елестейді ғой. Сондықтан әр түйеге арнап арнайы жабу тіктірген. Бірақ Гиннестің рекордтар жобасының талабы қатал болып шықты. Жануарларды қорғау ұйымдары жабу жабуға қарсы екен. Өйткені түйені ұрып-соғып, соны көрсетпес үшін сыртына жабу жауып қоюы мүмкін деп күдіктенеді екен. Сондықтан түйенің үсті ашық болуы керек.
Сосын ондағылар Ережені тағы да мұқият түсіндірді: Түйелер жүріп өтетін «А» пункті мен «Б» пунктінің арасы 1 шақырым болуға тиіс. Керуен жүргенде бір түйе мен екінші түйенің арасы 4 метр болуы керек. Әр түйені бір адам жетектеуі қажет.
Міне, осы жерде «Дәулет-Бекет» ЖШС-ының алдынан үлкен мәселе шықты. Өйткені түйе – емін-еркін жайылып жүретін дала жануары. Жетекке жүрмейді. Арабтардағы немесе әлемнің өзге нүктелеріндегідей қорада ғана бағылатын түйелер ыңғайға көне кетуі мүмкін, ал қазақтың түйесі аттап баспайды. Әрине, мұны шешудің жолы бар-ды, ол – мұрындық кигізу. Бұл – бабаларымыз қолданған тиімді әдіс. Бірақ оған жануарларды қорғау ұйымдары көнбейді. Олардың ұғымында, бұл – түйені қорлау. Енді амал жоқ, түйені жетекке үйрету керек. Үш айдың ішінде «Дәулет-Бекет» ЖШС жұмысшыларының көрмегені жоқ. Үркек түйелер басын алып қашады. Жұмысшылар оны жетекке үйретіп әлек. Әйтеуір, әрең дегенде ыңғайға көне бастады.
Жоба жетекшілерінің талабы өте қатал. Әрбір детальға мұқият қарайды. Мысалы, промо-пиар акциясы жасалуы керек. Оған елге белгілі тұлғалар тартылуға тиіс. Осындай жоба жасалып жатқаны жөнінде бейнебаян түсіріліп, таратылуы керек. Біз әдетте «Дәулет-Бекет» ЖШС бір отбасыныкі болғасын, көбіне Сыдық Дәулетовті ғана айтамыз ғой. Бірақ Гиннестің рекордтар жобасының талабы бойынша, компанияның 50 пайызы Сыдық Дәулетовтің зайыбы Шәрипа Дәулетоваға тиесілі болғандықтан, бейнебаянда екеуінің де аты-жөні көрсетілуі керек. Іс-шара алдында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылуы қажет.
Сосын бұл жиын салтанатты түрде өтуі міндеттелді. Қалың ел жиналып, сахна құрылып, концерт болуға тиіс. Оған танымал тұлғалар қатысуы қажет.
Әрине, Гиннестің рекордтар кітабына ену тегін болмайды. Оған да қомақты қаржы жұмсалады. Ол қаржы төрешілерге жалақы төлеуге, мақала жазылып, сайттарға орналастыруға жұмсалады. Бұл қаржыны «Дәулет-Бекет» ЖШС өзі көтерді.
Әсемгүл Адамбаеваның айтуынша, Гиннестің рекордтар жобасы Сыдық Дәулетовтің жеке басына қатысты мағлұматтарды мұқият тексерген. Ол туралы әрбір мәліметті, деректі фильмдерді ағылшын тіліне аударып, оқып, қараған. Оның табандылығына қатты риза болыпты. Қандай қиындық көрсе де, ширек ғасырға жуық уақыт бойы атакәсіптен айнымай, бүгінгі нәтижеге қол жеткізгеніне ерекше назар аударған. Әсіресе, түйе шаруашылығының «ішкі кухнясына» жіті үңілген. «Қандай ғажап дүние. Түйе сүті – адам денсаулығы үшін өте қажет сусын. Мұны насихаттау керек!» депті олар. Міне, осы келісімшарттың нәтижесінде 20-қыркүйек күні Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ақши елді мекенінің жанындағы Қараеспе деген жерде ұлық салтанат өтті.
Оған дейін, әрине, келісімшартта көрсетілген пункттер мұқият орындалды. Баспасөз мәслихаты өтті. Концерт өтетіні, оған ұлт мақтанышы, әнші Роза Рымбаева, белгілі киноактер Нұрлан Әлімжанов қатысатыны айтылып, насихатталды.
Келісімшартқа сәйкес, Гиннес рекордтар жобасының өкілі Ричард Стэннинг пен Сыдық Дәулетов іс-шара өткенге дейін кездеспеуі керек болатын. Бұл шарт та мұқият сақталды. Ричард Стэннинг 19-қыркүйек күні Қараеспеге келіп, 1 мың түйенің төлқұжатымен, іс-шара өтетін жердің жай-күйімен танысқан. Интернетпен қамтамасыз етілгеніне көз жеткізген.
Қазақтың мерейі асқан күн
20-қыркүйекте күн ерекше жарқырап тұрды. Алматыдан Ақшиге қарай ағылған көлікте есеп жоқ. Қараеспеде тігілген ақшаңқан үйлер алыстан көз тартады. Палаткалар да тігіліпті. 5 мыңға жуық адам келді. Бір кереметі, жұртшылықтың бәрі ұлттық киім киіпті. Тағы бір назар аударарлық дүние – халықтың көңіл күйі. Әрбір адам құдды бір өзі әлемдік рекорд жасайтындай мәз.
Алматы облысы әкімдігі іс-шараны өткізуге өте мұқият дайындалыпты. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге патрульдік полиция тартылыпты. Жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері де сақадай сай тұр. Ветеринарлық бақылау қызметі де әзір. Санитарлық жағдай да қатаң бақылауда. 1 мың түйені жетектеу үшін Қонаев гарнизонынан 1 мың солдат жұмылдырылыпты.
...Міне, түйе керуені басталды. Көш басында нар жетектеген Сыдық Дәулетов келеді. Одан кейін түйе жетектеген сарбаздар келе жатыр. Бәрі де үстеріне «Дәулет-Бекет» ЖШС осы іс-шараға арнайы тіктірген ұлттық шапан киген. Жиналғандар керуенді қоршаудың сыртынан бақылады. Сырттай қарап тұрғанда ғажап көрініс. Кеудеңді мақтаныш сезімі билейді.
Мың түйе жүріп өткен соң көпшілік сахнаға қарай ұмтылды. Алдымен сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы іс-шараның тарихи маңызын, ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды:
– Бұл – тек мәдени іс-шара ғана емес. Бүгінгі мың түйеден құралған керуен халқымыздың көшпелі өмір салтының айшықты мұрасын әлемге паш етіп, жаңа заманға үн қатқан тарихи оқиға. Бұл арқылы біз жастарға ата-бабамыздың ұлы мұрасын танытып, туризмді дамытамыз, аймақ экономикасына серпін береміз, – деді ол.
Англиядан арнайы келген Гиннес рекордтар жобасының өкілі Ричард Стэннинг мұндай түйе керуенін тұңғыш рет көріп тұрғанын айтып, таңданысын жасырмады. Оның байламынша, Қазақстанның бұл жетістігі тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануға тиіс.
Іс-шараның соңында Сыдық Дәулетов журналистерге сұхбат берді. Ол бұл іс-шараның түйе шаруашылығын дамыту арқылы ұлттық өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға жасалған қадам екенін баса айтты. Оның пікірінше, Қазақстан тек рекорд жаңартып қана қоймай әлемге өз бренді мен мәдениетін танытты.
Сонымен, әлемдегі ең үлкен түйе керуені жүріп өтті. Ол түгелдей бейнетаспаға жазып алынды. Ендігі шешім – Гиннестің рекордтар жобасының авторларында. Келісімшарт бойынша олар 2 апта мен 3 айдың аралығында бейнетаспаны мұқият қарап шығып, өз шешімдерін жариялауға тиіс.
Даңқты әншіміз Роза Рымбаева және Нұрлан Әлімжанов, Жолбарыс Сейфуллин, Қуандық Рахым, Ақтөбеден арнайы келген Орал Байсеңгір мен Нұргүл Тілегенова секілді белгілі әншілер, «Алатау серілері» этно тобы, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздары мерекенің салтанатын арттырды.
Киіз үйлер мен арнайы фудкорт аймағында келген қонақтарға шұбат, дәм ұсынылды. Айтпақшы, туристік агенттерді ұйымдастыра отырып, шетелдік және отандық туристердің де тартылғанын айта кеткен жөн.
Бір сөзбен айтқанда, іс-шара нағыз халықтық мерекеге айналды. Күллі БАҚ атаулы сол мерекені халыққа насихаттауға жұмылды. Арасында британдық Reuters ақпарат агенттігінің өкілі бар екенін ескерсек, қазақ жеріндегі ғаламат оқиғаның дүбірі күллі әлемге естілері хақ.
Түйе шаруашылығына қолдау керек
Сыдық Дәулетов – қазақ бизнесі тарихындағы ерекше орны бар кәсіпкер. Өйткені біздегі бизнестің дені алыпсатарлықтан басталғаны мәлім. Ал мұндай бизнес тезірек пайда табуды көздейтіні рас. Ал Сыдық Әбуұлы атакәсіпті таңдады. Жұрт жаппай қалаға ағылып жатқан кезде бұл жалғыз түйесін жетектеп ауылға бет бұрды. Айдалада жертөле қазып алып, сонда тұрды. Жоғары пайызбен несие алып, түйе санын көбейтті. Түрікмен аруанасын қазақ даласына жерсіндірді. Шұбат сатты. Жұмысын ғылымға сүйеніп істеді. Қазір түйе санын 5 мың басқа жеткізді. 200 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Бар тапқанын жұмсап, Ақши ауылын гүлдендірді. Шипажай, балабақша, фотосалон салды. Тойхана ашты. Бірнеше отбасына үй салып берді.
2019 жылы Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында шығыстағы көршіге құрғақ түйе сүтін экспорттау туралы келісімге қол қойды. Бұл «Дәулет-Бекет» ЖШС үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Өйткені түйе сүтін Қазақстанда ғана сату тиімсіз. Нарық кішкентай, алушы аз. Ал құрғақ сүт өндіру әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, бірақ Қазақстан үшін оны өткізетін нарық болмағандықтан, тиімсіз болып келген еді. Сыдық Әбуұлы енді 1 миллиард теңге инвестиция салып, Ақшиден құрғақ түйе сүтін шығаратын шағын зауыт салды. Ол 2021 жылы желтоқсан айында іске қосылды. Қазір Қытайдың барлық қалаларына дайын өнімді экспорттай бастады. Енді жаңа ірі зауыт салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Түйе шаруашылығының болашағы зор. Мұны біз емес, әлемдегі мықты сарапшылар айтып отыр. Мысалы, Франциядан шығатын GEO журналы 2023 жылы әлемдегі түйе шаруашылықтарын зерттей отырып, болашақта түйе сиырдың орнын басуы мүмкін деген тұжырым жасады. Оқырман ағат түсініп қалмауы үшін түсіндіре кетейік, қазір әлемде сиырдың сүтіне, етіне деген сұраныс басым. Болашақта бұл көзқарас өзгеруі мүмкін. Өйткені әлемде шөл мен шөлейт далалар көбейген сайын түйенің бәсі арта береді.
GEO журналисі Қазақстанда «Дәулет-Бекет» ЖШС мен оның құрылтайшысы Сыдық Дәулетовті негізгі зерттеу «нысаны» етіп алғанын айта кеткен абзал.
Ендеше, Сыдық Дәулетовті Қазақстан Үкіметі де жан-жақты қолдау керек қой. Гиннестің рекордтар кітабына енгеннен кейін мемлекет тарапынан Сыдық Дәулетов пен ол секілді түйе шаруашылығын дамытуға атсалысып жүрген азаматтарға деген қолдау күшейеді деп сенеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған жаңалыққа ерекше мән беріп, өзінің Tik-Tok парақшасында бөлісуі бұл сенімімізді күшейте түседі.