Ақтөбе облысы Алға ауданындағы көпке еңбекқорлығымен танылған тағы бір өнегелі отбасы – Алиевтер әулеті. Отағасы Амантай Алиев пен оның зайыбы Еркеназ Молдабекова – білім мен ғылым жолында еңбек етіп жүрген, ауылдастарына сыйлы, елге үлгі боларлық ерлі-зайыптылар. Бұл отбасы Алға ауданына қарасты Тамды ауылында тұрады.
Олар жоғары білім алып, туған жерлеріне оралып, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы арқылы ауыл дамуына үлес қосып келеді.
Көпбалалы әке Амантай Сағындықұлы – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ма-гистрі, биология пәнінің мұғалімі. Ол мектепте педагогикалық мәдениеті мен жауапкершілігі арқылы оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, экология, денсаулық сақтау және табиғатты аялау бағытында тәрбиелік жұмыстар жүргізеді. Ал жары Еркеназ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған. Ол Тамды орта мектебінде физика пәнінен сабақ береді. Өз саласында жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді тиімді қолдана білетін шығармашыл ұстаз – сабырлы мінезі мен мейірімді болмысы арқылы оқушылар мен әріптестеріне үлгі көрсетіп жүр.
– Екеуміз де ұстаз болған соң ауыл өміріне, мектептегі іс-шараларға белсене атсалысамыз. Барлық қоғамдық жұмыстарға үлесімізді қосып келеміз. Әртүрлі деңгейдегі педагогикалық байқаулар мен семинарларға қатысып, тәжірибе алмасып отырамыз. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыздың үлкені Мейірман – оқу озаты, пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Әдебиетке, тарихқа және жаратылыстану пәндеріне ерекше қызығушылық танытады. Ал екінші баламыз Аделья – Тамды орта мектебінің 2-сынып оқушысы. Ол да үлгілі тәртібімен, тапқырлығымен көзге түсіп келеді. Одан кейінгі Көзайым мектепалды даярлық тобында оқиды. Ән айту, сурет салу және логикалық тапсырмалар орындауда ерекше қабілеті байқалады. Кенжеміз Мәриям болса, «Жұлдыз-ай» бөбекжай-балабақшасына барады. Ол да ән мен би өнеріне жақын, балабақша шараларына белсенді түрде қатысады, – дейді отағасы Амантай.
Амантай Сағындықұлы – тек білім беруші ұстаз емес, отбасындағы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың нақты үлгісін көрсетіп келе жатқан жан. Ол ұлына табандылықты, қыздарына қамқорлық пен әдептілікті үйретуде.
Алиевтер – ауылда тұрып-ақ, үлкен жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген отбасы. Олар үшін «Тәрбие – тал бесіктен» деген қағида – өмірлік ұстаным. Осындай отбасылар – ауыл болашағының тірегі, ұлттың үміті. Бұл отбасы туған жеріне келіп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, білім беру саласына өздерінің үлестерін қосып жүр.
– Бұрын мектептерде ер-азаматтар көп болатын, қазір әлеуметтік жағдайға байланысты азайып барады. Дегенмен мектепке ер-азаматтар ауадай қажет. Өйткені білім ошағында ер балалардың тәрбиесіне мұғалімдер оң ықпал етеді. Ал отбасында ұл бала әкеге қарап бой түзейді. Сондықтан мен қызметте жақсы ұстаз болумен қатар, отбасында үлгілі әке болуға тырысамын. Осы мақсатта үнемі отбасыма, балаларыма көңіл бөлемін, уақытымды арнап, түрлі сұхбаттар, кештер ұйымдастырамын. Балаларыммен жиі әңгімелесемін. Әртүрлі тақырыпта пікір алмасып, олардың әртүрлі мәселелерге байланысты көзқарастарын сұраймын. Қазір балалар ойын еркін жеткізеді, мақсатын, арманын ашып айтады. Біздің кезімізде бұлай болған жоқ. Меніңше, бұл да заман талабына сай балаларымыздың жаңа сатыға көтеріліп жатқанының айғағы, – дейді Амантай.
Қыздарымыз ибалы, ұлдарымыз намысшыл болуы үшін мектептерде ер-азаматтардың көбірек болғаны дұрыс. Әйтпесе, қоғамда келеңсіздіктер көбеюі мүмкін. Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген екен. Сондықтан мектепте де, отбасында да тәрбиенің орны бөлек.