Алматыда ІІМ Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

/
Алматыда ІІМ Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті
Фото: дереккөз

Алматы қаласында Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ІІМ Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысына алғаш рет «Халық кеңесі» мүшелері қатысты. Бұл қоғамдық диалогты кеңейтуге және полиция мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Отырыстың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру болды.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов қойған міндеттерге сәйкес қылмыстардың алдын алуға, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және халықпен өзара байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны атап өтілді.

Қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті тек полицияның күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтті. Құқықтық тәртіпті сақтауда азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, еріктілер мен жастар ұйымдарының рөлі зор.

Қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етуден оның алдын ала жолын кесуге көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов қабылданып жатқан шаралар, құқық бұзушылықтардың себептерін анықтау және профилактикалық жұмысты жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Отырыста қаралған маңызды мәселелердің бірі ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау болды. Әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету департаментінің бастығы Алмас Әмзеев әлеуметтік кепілдіктер, медициналық қамтамасыз ету және қызмет өткеру жағдайларын жақсарту шаралары туралы ақпарат берді.

Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы олардың жұмыс сапасына және қызметтік міндеттерді тиімді орындауына тікелей әсер ететіні атап өтілді.

Сондай-ақ отырыс барысында Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов пен Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысы туралы есептері тыңдалды.

Негізгі назар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтауға аударылды.

Талқылау барысында полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етудегі Қоғамдық кеңестің рөліне ерекше мән берілді.

Қоғамдық кеңес тек есеп тыңдайтын алаң ғана емес, азаматтар мен ішкі істер органдары арасындағы тиімді кері байланыс тетігі болуы тиіс екені атап өтілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері полиция қызметіне қатысты өзекті мәселелерді, халықпен өзара іс-қимылды және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.

Сонымен қатар азаматтардың сенімі ең алдымен әрбір полиция қызметкерінің күнделікті жұмысы, кәсібилігі, әділдігі, тәртібі және адамдарға құрметпен қарауы арқылы қалыптасатыны айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын жетілдіру, қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды күшейту және полицияның қоғаммен өзара іс-қимылын дамыту бағытындағы алдағы міндеттер айқындалды.

Бұл жұмыстың басты бағдары – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары