Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерді тексеру керек – Ринат Зайыт

/
Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерді тексеру керек – Ринат Зайыт
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдап, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару ісі барынша ашық әрі әділ жүруі қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Активтерді қайтару комитетінің жұмысы күшейіп, ықпалды топтар мен жекелеген тұлғалардың заңсыз иемденген мүліктеріне қатысты нақты қадамдар жасалуда. Соның айғағы – Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтері бойынша сот шешімі.

«Ол 57 миллиард теңгенің активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар, 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталды, компания кірісі мен жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды», – деді ол.

Алайда депутат қоғамда айтылып жүрген деректерге де назар аударды. Оның сөзінше, Назарбаевтар әулетінің рейдерлік жолмен иеленген базарлары мен Алматы қаласы мен облысындағы жер телімдері туралы ақпарат бар, бірақ олардың ары қарай не болғаны белгісіз.

«Әсіресе атышулы "Алтын орда" базарының жай-күйі жиі сөз болады. Бірақ оның тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы ашық айтылмай отыр», – деді ол.

Зайыт сот процестерінің жабық өтуі жұртшылықты алаңдатып отырғанын да жасырмады.

«Активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр», – деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты ол Бас прокуратураға нақты ұсыныстар айтты:

  1. Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеу жүргізіп, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.
  2. Қайтарылған активтер мен олардың пайдаланылуы жөнінде қоғамға толық әрі ашық ақпарат беру.
  3. «Алтын орда» базары мен Алматыдағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеу жүргізу.

«Әділдік ұғымы айтуға жеңіл болғанымен, салмағы ауыр. Сондықтан бұл жолда ашықтық пен әділет үстем болуға тиіс», – деп түйіндеді Ринат Зайыт.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары