Мәжіліс спикері Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасымен кездесті

/
Мәжіліс спикері Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасымен кездесті
Мәжілістің баспасөз қызметі, Суретті түсірген – Жұмабеков

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Тараптар екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл – Ласло Kёвердің Қазақстанға үшінші сапары. Ол Мажарстанның Мемлекеттік жиналысы тарапынан Қазақстанмен әріптестікті тереңдетуге деген қызығушылығы жоғары екенін айғақтайды. Былтыр Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов Будапештте болып, екі ел парламенттері арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бүгінгі сапар – осы келісімдердің жалғасы.

Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мажарстан парламенттерінің ынтымақтастықты және бірлескен жұмысты одан әрі нығайтуға ниеті зор екенін атап өтті.

Кейінгі жылдар қазақ-мажар қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерудегі маңызды кезеңге айналды. Бұл қос ел көшбасшыларының мызғымас достығының, ерен еңбегінің арқасы деп білеміз. 2023 жылы Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  былтырғы Мажарстанға мемлекеттік сапары нәтижелі өтті. Стратегиялық келісімдерге қол қойылып, маңызды  уағдаластықтар жасалды. Енді осы келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Әңгімелесу кезінде тараптар парламентаралық байланысты дамытуда депутаттардың достық топтары мен заң шығару саласында тәжірибе алмасуға ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мажарстан парламентшілері арасындағы диалогтың жоғары қарқынын айтып, бүгінгі сапар екі жақты қарым-қатынасты одан әрі күшейтуде маңызды қадамға айналатынына сенім білдірді.

Екі ел парламенттерінің бірлескен жұмысы көпжақты форматта да қарқынды дамып келе жатыр. Екі ел депутаттары Парламентаралық Одақ, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеялары аясында үнемі бір-бірін қолдап келеді. Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы шеңберіндегі ықпалдастық та тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері мажар әріптестеріне Қазақстанда болып жатқан ауқымды өзгерістер жайлы айтып берді. Мемлекет басшысы Жолдауында жарияланған бастамалар мен парламенттік реформаға жеке тоқталып, оларды іске асыру бағытында қабылданып жатқан заңдарға да мән берді.

Президенттің жаппай цифрландыру мен барлық салада жасанды интеллектіні қолдану идеясы төңірегінде де мазмұнды әңгіме өрбіді. Бүгін Мәжіліс Жасанды интеллект туралы заңды екінші оқылымда қабылдайды. Заңда оны барлық деңгейде қолданудың құқықтық принциптері мен тәсілдері айқындалған. Мажарстан осы салада нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Қазақстан бұл бағытта ынтымақтастықты дамытуға және осындай жобаларды іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделі.

Өз кезегінде, Ласло Kёвер қазақ пен мажар халықтарын айрықша достық байланыстыратынын және парламентаралық байланыс елдеріміз арасындағы берік әріптестікті арттыру жолында көпірге айналғанын атап өтті. Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасы парламенттердің комитеттері мен аппараттары деңгейінде де байланыстарды тереңдетуге мән берді.

– Құндылықтарымыз, дәстүрлеріміз бен ортақ тарихымыздан бөлек, бізді бүгініміз бен болашағымыз да байланыстырып, жақындатып отыр. Сіз Қазақстанда келешекте бір палаталы парламентке көшу жоспарланып жатқанын атап өттіңіз. Қажет болған жағдайда біз Мажарстанның осы процестегі тәжірибесімен бөлісуге дайынбыз, – деді Ласло Kёвер.

Бұдан бөлек, тараптар сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестіктің келешегін сөз етті.

Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының атынан Ласло Kёверге Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденін табыс етті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары