Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол қаладағы спорт кешендерінің бірінде әйелді баспалдақтан итеріп жібергені үшін айыпталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, құлаған әйел жамбас сүйегін сындырған.
Бастапқыда тергеу ҚР ҚК-нің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша жүргізілген. Алайда 23 қыркүйекте сот барысында айыптау ҚР ҚК-нің 114-бабы 3-бөлігіне («Абайсызда ауыр зиян келтіру») қайта сараланғаны белгілі болды.
Сот онлайн режимінде өтті. Істі судья Ернар Қасымбеков қарады.
Айта кетерлігі, жәбірленуші сот процесіне қатыспады. Судьяның айтуынша, әйел медиативтік келісімге байланысты істі тоқтату туралы өтініш берген.
«Жәбірленуші Амантай Асылбекке шағымы жоқ екенін хабарлады. Өтінішінде ол моральдық және материалдық шығынның өтелгенін атап өтті, сондай-ақ денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын көрсеткен», – деді судья.
Өтемақының мөлшері жарияланбады.
«Мен адал әрі таза адаммын. Мен кінәлі емеспін. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, оны итерген де жоқпын», – деді Амантай қажы.
Кеңесу бөлмесіне шыққан соң, судья Ернар Қасымбеков тараптардың татуласуына және материалдық әрі моральдық шығынның өтелуіне байланысты істі тоқтату жөнінде шешім шығарды.