Адамдар көбіне қол тырнағына мән береді, ал аяқ тырнағы назардан тыс қалады. Бірақ дәл осы аяқ тырнағындағы өзгерістер ағзадағы жасырын дерттердің белгісі болуы мүмкін. Тырнақ түсі мен құрылымындағы ауытқулар қан айналымы, ішкі ағзалар және тіпті онкологияға байланысты сырқаттарды көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz dailymail.co.uk-ға сілтеме жасап.
1. Өте бозғылт немесе аппақ тырнақ
Көбіне қартайғанда байқалады. Ал орта жаста байқалса, алаңдатарлық белгі. Мұндай түс анемияны, қан айналымының нашарлығын, темір мен дәрумен жетіспеушілігін, бауыр, бүйрек не жүрек ауруларын білдіруі мүмкін. Егер тырнақ аппақ болып, ұшында жіңішке қызғылт сызық қалса, ол Терри синдромын, бауыр мен жүрек жеткіліксіздігін нұсқауы ықтимал.
2. Сарғыш түс
Бұл түс жиі кездеседі. Тырнақты үнемі бояудан немесе шылым шегуден болуы мүмкін. Алайда тұрақты сарғыш реңк — саңырауқұлақ инфекциясы, қант диабеті, псориаз, қалқанша безінің бұзылысы, лимфедема немесе ревматоидты артрит белгісі болуы мүмкін. Сирек жағдайда меланома сияқты қатерлі ісік белгісі де болуы мүмкін.
3. Көгілдір не күлгін түс
Бұл — ағзада оттегінің жетіспеушілігін білдіретін цианоз белгісі. Жүрек пен өкпе жеткіліксіздігі, астма, пневмония, ХОБЛ, қан аздық немесе өкпе тромбозы кезінде пайда болады. Дереу дәрігерге қаралу қажет.
4. Қараю және қою дақтар
Әдетте аяқ жарақатынан кейін жасырын қан құйылу (гематома) болуы мүмкін. Бірақ қара дақ ұзақ кетпесе, ауырсынса немесе үлкейсе, бұл меланоманың (тері обырының) белгісі болуы ықтимал. Мұндай жағдайда дерматологқа шұғыл бару қажет.
5. Ақ дақтар мен сызықтар
Кішкентай нүктелер мен жолақтар көбіне педикюр кезінде зақымданудан пайда болады. Бірақ көп мөлшерде ақ сызықтар байқалса, мырыш тапшылығы, саңырауқұлақ немесе жалпы дәрумен жетіспеушілігін білдіреді. Егер сызықтар тырнақты көлденеңінен толық қамтыса жүрек не бүйрек ауруларының белгісі болуы мүмкін.
6. Жасыл тырнақ
Көбіне бактериялық немесе саңырауқұлақ инфекциясынан (мысалы, көк ірің таяқшасынан) пайда болады. Бұл иммунитеттің әлсіреуін, гигиенаның нашарлығын немесе дұрыс таңдалмаған аяқ киімнің әсерін көрсетеді.