Жүзім – полифенолдардың қайнар көзі. Олар – зиян холестерин деңгейін төмендетіп, атеросклероздың пайда болу қаупін азайта алатын антиоксиданттар. Бұл туралы гастроэнтеролог дәрігер Людмила Сухорукова айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жүзімнің құрамында полифенолдар деп аталатын антиоксиданттар бар. Олар жаман холестерин деңгейін төмендетіп, атеросклероз қаупін азайту қасиетіне ие. Сондай-ақ бұл антиоксидант жүрек бұлшық етінің жұмысына да жағымды әсер етеді», – деді дәрігер.
Гастроэнтерологтың айтуынша, жүзімде ағзаға пайдалы тағы бір зат – ресвератрол бар. Ол ағзаға түскен кезде қан тамырларын нығайтып, олардың қабырғаларын босаңсытады, сөйтіп қан қысымының көтерілуіне жол бермейді.
Жидектердің құрамында сондай-ақ қан ұюын болдырмайтын флавоноидтар бар.
«Ағза үшін аса маңызды флавоноидтардың бірі – рутин. Бұл зат тамырларда тромб түзілуін болдырмайды, сол арқылы инсульт немесе инфаркт қаупін барынша азайтады», – деп түсіндірді маман.