Таңқурай жапырағынан дайындалған шай тәтті тағамдардан кейін қандағы қант пен инсулин деңгейінің көтерілуін баяулатады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Ұлыбританиядағы Рединг университетінің ғалымдары мәлімдеді. Зерттеу нәтижелері Nutrients журналында жарияланды.
Экспериментке 12 ер адам мен 10 әйел қатысты. Оларға глюкоза немесе сахароза (асханалық қант) беріліп, кейбіріне қоса 10 грамм таңқурай жапырағы шайы ұсынылды. Келесі екі сағат бойы қатысушылардың қандағы қант пен инсулин деңгейі тұрақты түрде өлшеніп отырды.
Талдау нәтижесінде сахарозаны таңқурай шайымен бірге ішкендерде қандағы қанттың өсуі әлдеқайда баяу болғаны анықталды. Тәттіден кейінгі 15 минутта көрсеткіштер орта есеппен 25%-ға төмен болса, жарты сағаттан соң 44%-ға дейін төмендеген. Инсулин деңгейі де 15, 30 және 60 минутта бақылау тобымен салыстырғанда айтарлықтай төмен болды. Ал глюкозаны ішкендерде мұндай әсер байқалмады.
Ғалымдар мұны шай құрамындағы полифенолдармен түсіндіреді. Әсіресе эллаг қышқылының рөлі ерекше: ол ас қорыту ферменттерінің жұмысын бәсеңдетеді.
Мамандардың айтуынша, таңқурай шайы негізінен күрделі қанттарға, сахароза сияқты қосылыстарға әсер етеді.
Бұл зерттеу таңқурай жапырағы шайының қандағы қант пен инсулин деңгейін төмендететінін клиникалық тұрғыда алғаш рет дәлелдеді. Келесі кезеңде ғалымдар мұндай әсерді предиабет пен 2-типті қант диабеті бар адамдар арасында тексермек. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай шай метаболикалық денсаулықты қолдаудың қарапайым әрі қолжетімді тәсіліне айналуы мүмкін.