Қытайда қоқыс азайып кетті. Соның салдарынан елдегі ірі қоқыс өртейтін зауыттар толық қуатта жұмыс істей алмай отыр, тіпті кейбірі қалдықты сырттан сатып алуға мәжбүр, деп хабарлайды turkystan.kz. Financial Times-ке сілтеме жасап.
Бұл жағдай, бір жағынан парадокс. Әлем елдері қоқыс көлемінің күн сайын артып бара жатқанына алаңдаса, Қытай керісінше қоқыс тапшылығына тап болды. Себебі кейінгі жылдары мемлекет қоқыс инфрақұрылымын дамытып, миллиардтаған инвестиция құйған еді. Мегаполистер маңындағы қоқыс полигондарының лық толуына жауап ретінде ел билігі қоқысты термиялық жолмен өңдейтін зауыттарды жаппай сала бастады.
Алайда жаңа экологиялық саясат күтпеген нәтижеге жеткізді: билік қалдықтарды сұрыптауды күшейтті, тұрғындарға қатаң ережелер енгізді, ал халық тұтынуда жауаптырақ бола бастады. Нәтижесінде зауыттардың қуаты елде қалған қоқыс көлемінен асып түсті. Кейбір өңірлерде өндіріс тоқтап қалмау үшін зауыттар қалдық сатып алуға көшкен.
Мамандар мұндай теңгерімсіздік алдағы уақытта экономикалық және экологиялық қиындықтарға әкелуі мүмкін екенін айтады. Өйткені миллиардтаған инвестиция салынған зауыттардың бос тұруы ел бюджетіне де, қалдықтарды басқару жүйесіне де ауыр салмақ түсіреді.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        