Жамбыл облысында жыл басынан бері үйден кеткен 227 жасөспірім табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыл басынан бері Жамбыл облысының полиция органдарына кәмелетке толмағандардың үйінен немесе уақытша тұратын жерінен өз бетімен кетуіне қатысты 212 хабарлама тіркелді.
227 жасөспірімнің әрқайсысы көп ұзамай табылып, ата-аналарына қайтарылды.
Құқық қорғау органдары жасөспірімнің жүрген жерін анықтап қана қоймай, оның мұндай қадамға бару себептерін де зерттейді. Статистикаға сүйенсек, мұндай жағдайлардың 53%-ында үйінен кеткендер — қыздар, ұлдар мұндайға сирек барады. Кейбір жасөспірімдер жыл ішінде бірнеше рет үйінен кетіп қалған.
– 80 бала ата-аналарымен тұрмыстық міндеттерді орындау немесе оқуға уақыт бөлуге байланысты туындаған кикілжіңнен кейін үйінен кетіп қалған. Басқа жағдайларда себеп — отбасы мүшелерінің сенімсіздігі, түсінбеушілігі немесе немқұрайлығы. Екі бала ойынға беріліп, уақыттың қалай өткенін байқамай, үйге кеш қайтуға қорқып, қашып қалған. Тағы 10 жасөспірімнің үйден кетуі психикалық ауытқулармен байланысты болды, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Әлішер Қалышев.
Сонымен қатар кейде балалардың үйден кетуіне ата-аналардың өздерінің жауапсыз мінез-құлқы себеп болады. Олардың қатарында спирттік ішімдікті шамадан тыс пайдалану, шуылдаған қонақ шақыру немесе зорлық-зомбылық көрсету бар. Мұндай деректер мұқият тексеріледі, ал ата-аналар өздерінің тәрбиелік міндеттерін орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.