Аустралиядағы Мердок университетінің ғалымдары перфекционизм мен созылмалы ауырсынудың тікелей байланысы бар екенін анықтады. Тәжірибеге 1000-нан астам адам қатысқан: олардың жартысынан көбі үш айдан астам уақыт бойы арқа, буын ауруы мен бас ауруына шағымданған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Психология мектебінің доценті Грэм Дитчберннің айтуынша, перфекционизмге бейім адамдар өзінен мүмкін еместі талап етеді, өзгелердің үмітін ақтай алмай қалудан қорқады. Мұндай тұрақты күйзеліс созылмалы ауырсынуды күшейтеді.
«Көптеген науқас күнделікті қарапайым істерді жасауға қиналып, өздеріне шектен тыс мақсат қояды. Сонымен бірге олар айналасындағылар да мүмкін еместі күтеді деп ойлайды. Бұл өз-өзіне сын айтуға, сенімсіздікке әкеледі», – дейді ғалым.
Зерттеушілердің пікірінше, мұндай жағдайда басты рөлді өзін аяй білу, яғни өзіне жанашырлықпен қарау атқарады. Бұл күйзелісті азайтып, ауырсынуды жеңілдетуге көмектеседі.
Ғалымдар енді перфекционизмді төмендетуге және өзін-өзі қолдауды арттыруға бағытталған арнайы терапиялық бағдарламалар жасау қажет екенін айтады.