Канадада қарттардан кеңес алатын ерекше желі ашылды. Жобаны Виннипег қаласындағы Misericordia Place қарттар үйінің суретшілері Натали Бэрд пен Тоби Гиллис іске қосқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл желіге қоңырау шалған кез келген адам жүз жасаған әжелер мен аталардың өмірлік тәжірибесіне негізделген ақыл-кеңес тыңдай алады. Кеңес тақырыптары әртүрлі: махаббат пен отбасы, өмірлік қиындықтарды еңсеру, өзін табу, арманға ұмтылу және тіпті киім үлгісіне қатысты ұсыныстар.
Жоба авторлары бастапқыда қарттар үйіндегі тұрғындардың естеліктерін жазып алып, оны отбасыларына сақтап беруді мақсат еткен. Кейін бұл әңгімелерді көпшілікпен бөлісудің пайдалы болатынын түсініп, арнайы телефон желісін құрған.
Кеңесті тыңдау тегін. Қоңырау шалушы адам қажетті тақырыпты нөмір теру арқылы өзі таңдай алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қарттардың өмірлік тәжірибесін қоғамға жеткізіп қана қоймай, адамдарға да рухани демеу болуды көздейді.