Қостанай облысында бір топ адам 54 тонна бидай ұрлаған

/
Қостанай облысында бір топ адам 54 тонна бидай ұрлаған
istockphoto.com

Қостанай облысында полицейлер 54 тонна бидай ұрлығын әшкереледі. Қаскөйлер жаңа өнімнен 54 тонна бидайды ұрлап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Барлығы "Учаске" жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген рейд кезінде анықталды.

Жергілікті учаскелік инспектор Мейірбек Нұргелдин мен полиция бөлімі бастығының орынбасары Серік Бикетбаев Әулиекөл – Диев тасжолында тіркемесі бар КамАЗ жүк көлігін тоқтатты.

Жүкке қатысты құжаттар күдік тудырды, ал жүргізуші астықтың қайдан алынғанын және қайда жеткізіліп жатқанын нақты түсіндіре алмады.

Жүк көлігі полиция бөліміне жеткізілген соң, бидайдың "Диев агрофирмасы" аумағынан ұрланғаны анықталды.

Кейінірек Аманқарағай ауылындағы алдын ала жалға алынған қоймадан үш күн бұрын шығарылған ұрланған бидай табылды.

Жалпы ұрланған астықтың салмағы 54 тоннаны құрады. Залалдың мөлшері шамамен 6,5 миллион теңгеге бағалануда.

Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Агрофирма қызметкері мен Новоселов ауылының тұрғыны осы қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді.

"Диев агрофирма" ЖШС-ның атқарушы директоры Олег Даниленконың айтуынша, ұрлыққа басқа қызметкерлердің де қатысы болуы мүмкін.

Полиция барлық кінәлілер заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Өңірде аграрлық саладағы ұрлықпен күрес ерекше бақылауда болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары