Ұлттық банк алаяқтардың тағы бір схемасы туралы ескертті

/
Ұлттық банк алаяқтардың тағы бір схемасы туралы ескертті
istockphoto.com

Ұлттық банк жасанды интеллект (нейрожелі) технологиялары пайдаланылатын алаяқтық әрекеттер көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Алаяқтар жалған видеороликтерді таратуды әдетке айналдырған. Сол мақсаттарына жету үшін Ұлттық банк басшылығының, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органы өкілдерінің ресми видеомәлімдемелерін қолданып, қолдан дыбыстайды. Сол видеороликтер арқылы алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға ақшаларын қайтарып, тегін көмек көрсетілетіні туралы уәде беріледі. Сондай жалған роликтер YouTube, Instagram және TikTok секілді әлеуметтік желілерде жарнама арқылы таратылып жатыр», — делінген банк хабарламасында.

Оларды жасау үшін адамның сырт келбетін, мимикасын және дауысын шынайы түрде бейнелеуге мүмкіндік беретін «дипфейк» технологиясы қолданылады. Мұндай материалдар жалған ақпарат тарату, қоғамдық пікірді манипуляциялау және мемлекеттік органдарға қоғам сенімін әлсірету мақсатында пайдаланылады.

«Ұлттық банк азаматтарға видеоматериалдағы детальдарға мұқият болуға кеңес береді: спикердің жасанды мимикасына және бейненің бұрмалануына назар аудару қажет. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексерген, күмәнді сілтемелерге өтпей, мессенджерлердегі белгісіз аккаунттарға сенбеген дұрыс», — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, алаяқтар азаматтардың жеке деректері мен ақшасын иемдену үшін мессенджерлерде жалған аккаунттар, сондай-ақ банктердің, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ресми сайтына ұқсас интернет-ресурстар жасайды. Сенім ұялату үшін олар ашық дереккөздерден алынған лауазымды тұлғалардың фотосуретін пайдаланады.

«Ұлттық банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне қаржылық салым салуды ұсынбайтынын, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз. Егер сіз қандай да бір алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арыздану керек», — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары